lat: KERSEN
ағаштан ойылып жасалатын дөңгелек пішінді шұңғыл ыдыс. Керсен сыртқы түрі тегенеге ұқсас, ішіне шамамен бір қойдың еті сиятындай етіп жасалады. Дәстүрлі ортада ең үлкен керсенді тай керсен деп атайды. Бұл шамамен бір тайдың еті сыяды дегенді білдірсе керек. Оның жиегіне өрнек жүргізіліп, қобылайды. Үлкен керсеннің екі жағында ұстайтын тұтқасы болады. Керсенді ет тартуға, қымыз құюға пайдаланады. Керсен ауызекі тілде түрлі мағыналарда қолданылады. Айталық Жетісуда, Орталық, Оңтүстік өңірлерде «үлкен табақ, тегене» ұғымында, Батыс өңірлерде «кір жуатын шылапшын, леген» деген мағынада айтылады. Халық арасында ердің артқы қасын да, адам отыратын екі қасының арасын да керсен деп атаған.