КОНОСАМЕНТ

lat: KONOSAMENT

Жүкті теңізбен тасымалдауға қабылдау фактісін куәландыру және қабылдау мекенжайында оны жүкті алушыға беру міндеттемесін растау үшін тасымалдаушының жүк иесіне беретін құжаты. Коносамент құжат ретінде үш қызмет атқарады: кеменің жүкті алу қолхаты; халықаралық саудадағы тауарды басқаратын құжат; тасымалдау туралы шарттың бар екендігінің және мазмұнының айғағы, сонымен қатар жүкті тасымалдаушы мен оны алушы арасындағы құқықтық қатынастарды анықтайды. Коносаменттің негізгі деректемелері көбінесе мынадай: егер жүк белгілі бір кемемен тасымалдауға қабылданса, кеменің атауы; тасымалдаушының атауы; жүкті қабылдау немесе тиеу орны, жөнелтушінің атауы; жүкті қабылдау орны немесе чартер болған жағдайда; кеменің баратын немесе шығатын орны; алушының атауы; маркасы бар жүктің атауы, орын саны немесе көлемі және (немесе) өлшемі (салмақ, көлем); фрахт және басқа да тасымалдаушыға тиесілі төлемдер; коносаменттің берілген уақыты мен орыны; кеме капитанының қолтаңбасы. Коносаменттер үш санатқа бөлінеді: белгілі бір алушы атына жасалатын атаулы коносаменттер; жөнелтушінің немесе алушының «бұйрығы» бойынша жасалатын ордерлік коносаменттер, ол бойынша жүк жөнелтуші немесе алушы өкіліне сәйкес беріледі; ұсынушыға берілетін коносамент, онда жүкті алу құқығы бар тұлға туралы деректер берілмейді.