[франц. cabinet] з а т е с і м. 1. Мекеме орындарындағы әдетте лауазымды қызметкерлердің жұмыс бөлмесі. Айгүл сол бетінде директордың к а б и н е т і н е кірді (Қ.Сатыбалдин, Қараторғай). Мәжіліс күндізгі сағат екіде, директордың к а б и н е т і н д е болады (Е.Оразақов, Дәрігер). Күздің қара суығына қарамастан Нияз форточканы ашып, к а б и н е т ішін салқын ауаға кеулетіп жіберді (З.Шашкин, Доктор.). 2. Оқу орындарында арнаулы сабақтар өткізетін, әр пән бойынша арнайы жабдықталған жеке бөлме. Жалпы білім беретін мектептерді қазіргі заманғы лингафондық және мультимедиялық кабинеттермен қамтамасыз ету үшін 10 миллиард теңге бөлініп отыр («Егемен Қазақстан»). Барлық мектептің қырық пайызында ондай арнайы к а б и н е т т е р жоқ («Түркістан»). 3. Ортақ залдан бөлек, оңаша отырғысы келген қонақтарға арналған мейрамханадағы бөлме. Өтсе де жеті ай тұрсын, дәл ай он бес, Есімнен бір минут та шықпас-ау еш, Түкпірде, кең бір аулық к а б и н е т т е ішінде «Алтын мүйіз» өткізген кеш (М.Жұмабаев, Шығ.). 4. с а я с и. Кейбір елдерде өкіметтің немесе оның бір бөлігінің ресми атауы. XIX ғасырдың аяқ шені мен XX ғасырдың басында император әулетінің к а б и н е т і н басқаратын алпауыттар өздері кеңірдектеп біткен соң, шетел капиталистерімен ауыз жаласып, кен орындарын бірінен кейін бірін концессияға өткізе бастайды (Д.Қонаев, Өтті дәурен.).
5. Қандай да бір мекеме жанынан құрылған арнайы мәселелермен айналысатын мамандардың тобы. Ол кабинет аудандағы ауруханалармен, фельдшерлік пункттермен ұйымдастыру- методикалық жұмыстар жүргізеді (Т. Нұртазин, Ауыл.). Мұғалімдер мен оқушыларға және ата-аналарға күнделікті көмек көрсетіп тұратындай, мектептерде “Нарықтық қызмет көрсету” (психологиялық қызмет секілді) к а б и н е т т е р і н і ң ұйымдастырылғаны ләзім («Егемен Қазақстан»).