з а т е с і м. 1. Самарқаулық, енжарлық. Адамдар баяғы «әй, күндікке жарайды ғой» дейтін к е р е н а у л ы қ т а н мүлдем арылды (М.Сатыбалдиев, Жартас.). Арқадағы, сұлтанның өз дәргейіндегі көп жұрттың қимылы сылбыр, үлесі өнімсіз – бұл не, к е р е н а у л ы қ па, кесір ме; жайлау алдындағы ұлы аңшылық басқа аймақтарда қалай өтті – осы тәрізді, кейбірі күнделікті тіршілікке қатысты, кейбірі келешек үшін қажет толып жатқан шаруалардың жайын білу, ең бастысы – көкте тәңірі болса, жерде әмірші барын еске салу еді шапқыншылардың міндеті (М.Мағауин, Аласапыран). 2. Біртоғалық. Тек түйелер ғана қашанғы қалыптарынан былқ етпейді. Мейлі көктемде болсын, кез келген кідірісті, кез келген қысқа демалысты олар әманда біртоға к е р е н а у л ы қ п е н қарсы алады. Кәзір де тастан құйған алыптардай болып шөгіп жатыр. Не қозғалмайды, не орындарынан тұрмайды, не жолды босатпайды (Ә.Әлімқұлов. Махамбетістік). 3. Жайбарақаттық, асықпаушылық. Сөйтіп, ел тіршілігінің ұтыс-ұтылыстарында жұмыстары жоқ бес болыс Керей-уақтың болыс-билері жерге орналасу мәселесін созбаққа салатын бір саңылау табылғанына мәз болып тарасты. Мұндай к е р е н а у л ы қ қ а келгенде бұлар теңдесі жоқ бірауызды екен (Ғ.Мүсірепов, Ұлпан). 4. Кері кетушілік, іске ықылассыздық. Әрекетке жауапсыз қараудың көрінісі. К е р е н а у л ы қ – жалқаулықтың бір түрі (Қаз. тілі. термин. Педагогика.).