Клетка орталығы

lat: Kletka ortalyǵy

кейбір өсімдіктер мен жануарлар клеткаларының органоиды. Алғаш рет 1875 жылы В.Флемминг сипаттаған. Клетка орталғы клетканың митотикалық аппаратының құрамына кіреді. Диплоидты клеткаларда клетка орталығы жұп болады, əрбір жұпта диплосомада жетілген бір аналық жəне екінші жұп жетілмеген, туынды, аналықтың көшірмесі болады. Митотикалық циклдың синтез кезеңінде немесе келесі кезеңінде клетка орталығының екі еселенуі жүреді. Туынды клетка орталығы аналықтың қасында өздігінен жиналу арқылы түзіледі. Митоздың профаза сатысында диплосомдар клетканың полюстеріне ажырап, олардың айналасында ұршық тəрізді микротүтікшелер түзіледі. Жоғарғы сатыдағы өсімдік клеткаларында, кейбір саңырауқұлақтар мен балдырларда, қарапайымдыларда микротүтікшелер түзілген орталықта клетка орталығы болмауы мүмкін. Клетка бөлінуіндегі клетка орталығының қызметі белгісіз. Бөлінбейтін клеткаларда клетка орталығы Гольджи аппаратының қасында, кейде ядроның жанында орналасады. Полиплоидты клеткаларда клетка орталығының саны хромосомалар жиынтығына тең болады, политенді клеткаларда азаяды. Əрбір клетка орталығы микротүтікшелердің тоғыз триплетінен түзілген ұзындығы 0,3 0,5 мкм жəне ені 0,15 мкм болатын қуысты цилиндр пішінді болады. Клетка орталығы жіңішке талшықты матрикспен қоршалған. Осындай құрылысты клетка орталығы көптеген клеткалардың қарапайымдылардың жəне балдырлар, мүктер, төменгі сатыдағы саңырауқұлақтардың зооспораларының базальді денешігін түзеді