(орысша комическое)– күлуге, мысқылдауға лайық қоғам өміріндегі елеулі қайшылықтар, күлкі туғызатын оғаш мінез, іс-әрекеттер, келеңсіз, келіссіз жайлар, оқиғалар, осындай жағдайлардағы адам мінезіне тән кісі күлерлік сипат. Тұтас алғанда комедиялық дегеніміз өмірдегі әр түрлі жағдай, оқиғалардың, іс-әрекеттің адам мінезінің кісі күлерлік сипатын, кемшілігін, ішкі қайшылығын, жалпы күлкі арқылы сынап-шенеуге тиісті нәрселерді жинақтап, топтап, бір ұғымның аясына сиғызып көрсететін эстетикалық категория. Ол эстетикадағы әдемілік (прекрасное), сұрықсыздык (безобразное), асқақтық (возвышенное), құлдыраушылық (низменное), қаһармандық (героическое) секілді аумақты ұғымдармен қатар қоюға боларлықтай маңызы бар, трагедиялық (трагическое) терминімен жалғас келетін, соны екінші жағынан толықтыра түсетін ұғым. Қоғам өміріндегі комедиялық жағдайларды адамның мінез-құлқындағы, іс-әрекетіндегі ерекшеліктерді танып білу үшін, эстетикалық талғаммен бейнелеп көрсету үшін ерекше сезімталдык, байқағыштық, тапқырлық, сыншылдық, әзіл-оспаққа икемділік қажет. Өнердегі комедиялық сипат өмірдегі қарама-қайшылықты сол тарихи кезең мен ортаның озат идеалдары тұрғысынан қарап сын көзімен бағалау арқылы танылады. Комедиядағы күлк-іэстетикалық талғамы тұрғысынан берілетін сын, ярки, сынап-шенеудің көркемдік көрінісі. Бейнелеу тәсілінің өзгеше болуына орай комедия сықақ (сатира) және әзіл (юмор) түрінде екі түрлі құрылады. Сықақты комедия өмірдегі азаттық, еркіндік туралы эстетикалық идеалға сай келмейтін кеселді, келеңсіздікті және жақсылықтың түпкілікті орнауына жол бермейтін кедергілерді мысқылмен түйрейді. Оның негізінде қоғамдағы озат идеалдарға қарсы тұратын кемшіліктерді жою, одан адамды түңілту мақсаты жатады. Ал, әзіл комедияда өмірдегі немесе адам мінезіндегі мінді, көлеңкелі жақтарды әзілмен әжуалай отырып, ондай кемшіліктердең арылту мақсаты қойылды. Күлкі жоқ жерде әзіл де болмайды. Мысқыл, әзіл мен сықақтың арасында күлкінің алуан түрлері бар (әзіл-оспақ, әжуа, кекесін, ащы мысқыл, шенеу) т.б. Осындай тәсілдерді шебер қолданудың үздік үлгілерін халықтың күлдіргі әңгімелерінен, Алдар көсе, Қожанасыр атымен байланысты әңгімелердең, көптеген өлең-жырлардан, шешендік сөздердең табуға болады. Европа әдебиетінде Сервантестің сомдап жасаған Дон-Кихот, Свифтің көркем бейнелеген Гуливер тұлғалары комедиялық әзіл мен өткір мысқылды қатар қолдану арқылы бүтін бір дәуір шындығын ашып бере білетін шеберліктен туған. Гогольдің сатирасы, суреткердің өз сөзімен айтқанда, «орыстың Россияға, адамның адамзатқа бет бұруы болды». Гоголь орыс сатирасын әлемдік көркемдік процесс дәрежесіне жеткізді. Салтыков Щедрин психологиялық талдауды сатиралық характерді зерттеудің негізі ретінде қолданды. Совет дәуірінде қазақ драмалық өнері кеңінен қанат жайып, комедия жанры да өpic алды. Халық поэзиясына, сөз өнеріне тән әзілдеу, келемеждеу, өткір күлкімен әшкерелеу тәсілдері Б. Майлин М. Әуезов, Қ. Мұхамеджанов сияқты жазушылардың комедияларында жаңа сипат-өзгешеліктермен толығып, дами түсті. Ысмақова А.