КОМПОЗИЦИЯ

lat: Kompozısıa

әдеби шығарманың құрылысы, оның үлкен-кішілі бөлім-бөлшектерінің бірірімен қисынды түрде қиюластырылып, әр түрлі тәсілмен байланыстырылған тұтастық-бірлігі. Шығарманың құрылысы шымыр болуы, бас-аяғы, жеке тараулары жинақы келуі жекеленген бөлім-бөлшектердің орынды жалғасуына байланысты. Л. Толстой көлемді шығармада алдымен үлкен ірі бөлімдердің пропорциясы, өзара қатынас-байланысы ұтымды, мағыналы болуы қажет деген пікір айтқан. Онан кейін ұсақ бөлшектерді реттеп орналастыру, айшықтауға мүмкіндік мол болады дейді. Әдеби шығарманың композициялық құрылысының ұтымдылығы сөз болатын мәселелерді, суреттелетін жағдайларды, кейіпкерлердің іс-әрскетін талғап, таңдай білу, оларды екшеп, сұрыптап алу, қисынын тауып қиюластыра білу шеберлігіне жалғас келеді және түптеп келгенде, бұл жазушының қандай шиеленіскен жағдай болса да түйінін тауып, ақ пен қараны ажыратып, не нәрсенің мәнді, маңызды екенін терең түсінетін көрегендігіне байланысты болады. Композицияның көркемдік қуаттылығы әдеби шығармада не айтылғандығы қандай маңызды болса, нені қай тұста айту, әр түрлі жағдай, уақиғаның іс-әрекеттің қайсысын бұрын, қайсысын кейінірек баяндау бұлардың да үлкен мәні бар. Айталық, басты кейіпкер шығарманың өн бойында үлкен жігерлілік, алғырлық танытып келіп, ал енді ең соныңда өмірден торығып, түңілгендей болса, бұдан туатын әсер бір түрлі де, егер осындай торығу, өзін әлсіз сезіну шығарманың орта тұсында болып, кейіпкер қайта сергіп, серпіліп, өзінің ширақ күрескер қалпына келсе, шығарманың соңында ол осындай күйде болса, мұның оқырманға әсері мүлде басқаша болатыны түсінікті. Әдеби шығармадағы жеке бөлім, тараулар уақиғалардың астас, жалғастығы, кейіпкердің ортақтығы арқылы бірігіп, тұтасып жатады. Композициялық тәсілдер алуан түрлі. Солардың ішінде екі нәрсені салыстыра суреттеу немесе қарамақарсы қойып суреттеу жиі кездеседі. Бұларға қоса, шығарманың композициялық құрылысын белгілеуде елеулі орын алатын ерекшеліктер: уақиға автордың, автордан басқа баяндаушының атынан айтылуы немесе кейбір тұстарда болған жағдайлар шығармадағы кейіпкердің көзімен көрген қалпында алынып соның ұғым-түсінігі арқылы берілуі. Ахметов З.