КОНТАКТІЛІ ТІЛДЕР

lat: KontaktİLİ TİLDER

этносаралық қарым-қатынасты қамтамасыз ететін өзге тәсілдер болмаған жағдайда пайда болған көмекші тілдер (аймақтық аралық-тіл, билингвизм). Тұрақтылық деңгейінің, атқаратын қызмет аясының, тұтынушыларының бары не жоқтығына байланысты контактілі тілдер бірнеше түрге бөлінеді. Аралас тіл жеңілдетілген тұрақсыз грамматикасы, минималді сөздік құрамы (бірнеше жүздеген сөз) бар, қарапайым қарым-қатынастың бір типті қызметін ғана атқаратын барынша қарапайым тіл. Мұндай тіл әр уақытта өзінен-өзі ұйымдастырылмаған түрде, яғни өте қысқа мерзімде үйренген шет тілінде нашар сөйлеуге ұмтылу нәтижесінде және оған қарама-қарсы ана тілінде «жеңілдетіп» сөйлеу нәтижесінде пайда болады. Сондықтан оның лексикасы мен грамматикасының көп бөлігін бір тілдің қасаңданған негізі құраса, фонетикасы сөйлеушінің ана тіліне жақындайды. Аралас тіл кейде пиджиндену алдындағы тіл деп те аталады. Даму процесі барысында аралас тіл біршама көлемді сөздік қор мен тұрақты құрылымға ие болып, пиджин тілге айналады, одан ары нативизация (креолизация) сатысынан өте келе, бұл тіл үйренген тілден ана тіліне айналып, өзіндік тұтынушысы бар креоль тілге ұласады.