зат. 1. Жеке тұлғалардың ұжымдық кәсіпкерлік үшін ерікті мүшелік негізінде құрылған бірлестігі. К о о п е р а ц и я нашар, жай саудагерлер елді соруда (С.Сейфуллин, Шығ.). Әр түйесінің басына ақ қаңылтырдан шляпа кигізген. Ол шляпалардың маңдайына: «К о о п е р а ц и я социализм көпірі», деп жазылған (І.Жансүгіров, Әңгім.). Ет піскенге шейінгі кеңесіне қарағанда, Байтөбет бергі шеті Қызылжарға, арғы шеті Омбыға барып қайтпақ екен, жұмысы к о о п е р а ц и я ғ а товар алу (С.Мұқанов, Ботагөз). К о о п е р а ц и я жұмысшылардың, техникалық инженерлердің, ғылыми қызметкерлердің, шаруалардың, қызметкерлердің бірлесуі негізінде материалды немесе ақша қаражатын, жарнаны бірлесіп дайындықпен ұйымдасқан форма (Орыс.-қаз. түсінд. сөздік. Философия). 2. Бір не бірнеше елдегі шетелдік серіктестері қатысуымен бірлескен немесе өзара келісілген өндірісті ұйымдастырудың әмбебап нысаны. К о о п е р а ц и я өнім өндіруді бөлісуге, тәуекелдіктердің өзара кепілдігіне, инвестициялар мен өнеркәсіптік секторды ортақтасып қорғауға негізделген (ҚҰЭ). К о о п е р а ц и я өз мүшелерінің мүдделері үшін дайындау, сауда, өндірістік, делдалдық және Қазақстан заңнамасында тыйым салынбаған өзге де қызметтерді жүзеге асырады, әлеуметтік-тұрмыстық инфрақұрылымның дамуына барынша жәрдемдеседі, қайырымдылық қызметін жүргізеді, халықаралық кооператив қозғалысына қатысады (ҚҰЭ).