тұтас организмдегі əртүрлі белгілердің өзара байланысы. Кореляция принципін 1800-1805 жж. Ж.Кювье қалыптастырды, кез–келген организмде барлық құрылымдық жəне қызметтік ерекшеліктер тұрақты арақатынаспен байланысты деді. Корреляцияның эволюциялық маңызына 1859 ж. Ч.Дарвин бірінші рет көңіл аударды. Əртүрлі белгілерде коррелятивтік өзгерістердің мысалдарын қарай келіп, ол организмнің бір ерекшелігінің өзгерістері кезінде басқалары да өзгереді деді. А.Н.Северцов 1914ж. бұл гипотезаны ары қарай дамытып, эволюция процесінде тұқым қуалайтын өзгерістер аздаған белгілер бойынша өзгерсе, организмнің басқа ерекшеліктері солармен коррелятивті өзгереді. Корреляцияның организмнің тұтастығын қамтамасыз етудегі рөлін И.И. Шмальгаузен талдады. Корреляцияның бірнеше негізгі түрлерін ажыратады: 1) генетикалық (геномдық) корреляция геном деңгейінде (мысалы, плейотропия) жүретін процестерге негізделген; 2) морфогенетикалық корреляция эмбрионалдық даму (мысалы, эмбрионалдық индукция) кезінде əртүрлі бастамалардың өзара əсерлеріне себеп болады; 3) функционалдық (эргонтикалық) корреляция – ересек организмдегі əртүрлі белгілердің өзара əсерінің нəтижесі (мысалы, мүшелердің дамуы мен жағдайы эндокринді бездердің қызметіне тəуелді келуі). Эволюция процесінде организмдегі жүйелер корреляциясының қайта түзілуге бейімділігі табиғи сұрыпталудың бақылауымен өтеді.