ЛАЙЫҚТЫ

lat: LAIYQTY

с ы н. 1. Сай, тең, парапар.

Бір адамда бес жасар бала болса,

Біреуде бойжеткен қыз және болса.

Осы екі бала қалай лайықты,

Атасы ойламай ма, дана болса? (М.Дулатов, Шығ.).

Аспан, жер суреті тұр көзінде,

Табиғат көрік берген бір өзіне.

Сыпайы, кішіпейіл гүлдей нәзік,

Көркіне лайықты мінезі де (С.Мәуленов, Алыс кет.).

2. Ыңғайлы, оңтайлы.

Не денеге, не жанға жайлы емес қой,

Осыған да дау айтып таласа ма?

Лайықты киім жоқ па бұдан басқа,

Керексіз кербезденіп бос шатаспа (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).

Бұл сөздің шешуін тауып, лайықты дәлел келтіру оңай іс емес (М.Дулатов, Шығ.).

3. Дұрыс, жөн.

Сақал-шашына әлден ақ еніп, егде тартып қалған кісі мына Айғанша секілді уыздай жас қызға жар болудан гөрі әке болуға лайықты сияқтанып, ішінен қынжылып, үнсіз отырып қалды (Ә.Нұрпейісов, Сергелдең).

Бірі жынды, біреуі жөнді болса,

Баласын хайуанша сатты пұлға.

Ақсақ, соқыр, таз болса, тағы жаман,

Көріп сүйген лайықты әрбір құлға.

Сүйікті бұтағыңа бүрлеп шыққан

Құрметті жемісіңді ысырап қылма! (Ә.Найманбаев, Шығ.).

4. Қолайлы, жөнді.

Ғалия қармана қалып, қапелімде сүйіншіге лайықты, ештеме таба алмады білем, саусағындағы алтын сақинасын суырып алып ұсынып еді, қыз сәл ойланып, басын шайқады (Ж.Тілеков, От кешу).

Бір адам үш анада сіздей болар,

Бір кісі орын тапса талаппенен.

Балаңыз лайықты лауазымға,

Гүбірнә қылып қойды графпенен (Кердері Әбубәкір, Қазағым).

Өкінем, өткен іске жоқты қарап,

Отырам, орны болса барға санап.

Әрине, еткен талап, ойлаған ой,

Тұрса екен лайықты іске жарап (Шал ақын, Өлеңд.).

// Сай, тең жан, парапар нәрсе.

Қарамас енді маған мұңайып күн,

Мен сені жақсы біліп, шынайы ұқтым.

Жүр бері, гүл төселген соқпақтармен,

Биікке тумысынан лайықтым (Ж.Жақыпбаев, Ләйлә).