lat: LATYNSHA
ү с т. 1. Латын тілінде.
Ертеден кеш адам мүшелерінің латынша аттарын, аурулардың диагнозын, дәрі-дәрмектің дозасын жаттаумен болдым (З.Шашкин, Доктор.).
Әл-Хорезмидің сандарды қандай цифрлар арқылы пайдаланғаны белгісіз, өйткені оның арифметикалық трактатының арабша қолжазбасы белгісіз, оның латынша аудармасы ғана бізге жеткен (А.Көбесов, Математика.).
«Байтұрсынов пен Дулатов кітаптарын, шығармасын қазақ баласының тілін бұзады, мағына арабша, ғабырынша, латынша , ассалауйынша бәрібір, қазақша деген қайдан келді» – дейді (М.Дулатов, Шығ.).
2. Латын әліпбиінде.
Қазір латыншаның бұрынғы әрпімізден іс жүзінде артықтығы жоқтығын көре тұра, қаншалық қаражатты, толып жатқан кемшіліктерімізді түзетудің орнына аса ділгерлігі жоқ латынды кіргізу үшін жұмсауымыздың түк қисыны жоқ (М.Дулатов, Шығ.).
3. Латын жазуында.
Арабшаны танымайсың, латынша
Ала бер деп қағазыңа сен түртіп.
Әкем өзі ағып тұрған ақынша
Қоятұғын мені аузына телміртіп (С.Мәуленов, Алыс кет.).
Сөрелерде тұрған осынау архив қазыналарының жиырма сегізінші жылға дейінгісі көбіне араб әрпімен «төте оқумен» жазылған болып келеді де, бұдан кейінгісі латынша болып кетеді (Ә.Нәбиев, Ауыр апта).