көркем әдебиеттің негізгі саласының, жанрының бірі, басты ерекшелігі – адамның көңіл-күйін, сезім дүниесін тікелей бейнелеп көрсетеді. Лирикада ой мен сезім бірлесіп, терең қабысады. Оған тартымды қуат-күш дарытатын терең оймен суарылған, нәрленген жалынды сезім. Әсерсіз, құрғақ қағида-тұжырымдар оқырманды тебірентпейді. Өмір, дүние, адам тағдыры туралы үлкен толғаныстан тумаған, жәй сезімшілдік лириканы жандандыра алмайды. Лирикаға жан беретін сезімнің отты нәзіктігі. Лириканың басқа жанрлардан, айталық, сан алуан адамдардың қарым-қатынасын, қоғамдық тартыс-шиеленісті баяндайтын көлемді, оқиғалы шығарамалардан айырмасы да, өзіндік артықшылығы да – міне осында. Егер эпикалық жанрдың ең басты ерекшелігі уақиғаның қалай баяндалып, суреттелетініне байланысты болса, лирикалық шығарманың күші, қуаттылығы алдымен адамның көңіл-күйін, өмірдегі жағдай-құбылыстан алған әсерін бейнелеп жеткізу шеберлігімен ұштасып жатады. Адамның жан-сезімін, көңілкүйін тікелей, лирикаға тән ерекше сыршылдықпен айтып жеткізудің ұтымдылығы өмір құбылыстарын, табиғатты айрықша сергектік, сезімталдықпен қабылдаудан, сезім-әсер байлығынан туады. Лирикалық шығармада негізінен алғанда жеке адамның көңіл-күйі, сезімі суреттеледі. Ақын көбінесе өз жайын, өзінің айналадағы өмірге, әр түрлі құбылыс-жағдайларға көзқарасын сипаттайды. Бірақ ақын өз жайын, өз басының мұңын, өзінің арманын, қуаныш сезімін жыр етсе де, ол қалайда халықтың тағдырын, қайғы-мұңын, күйзелісін, қуаныш шаттығын, тілек-мақсаттарын көрсетеді. В. Г. Белинскийдің «ұлы ақын өзі туралы, өзінің жеке басы туралы айтса да, көптің тағдырын, адамзат жайын сөз етеді» деуі тегін айтылмаған. Нағыз лирикалық туындылар жеке адамның жан дүниесін, толғанысын, тағдырын бейнелеп, сол арқылы бүкіл бір ортаны, қоғамды, заманды сипаттап береді. Лирикалық қаһарманның ой-сезімі, тағдыры өз заманының арман-мүддесі, тілек-талаптарымен неғұрлым терең байланысты суреттелсе, солғұрлым ол типтік қасиеттері мол, сомдап жасалған ірі тұлғаға айналып, дәуірдің көрнекті өкілі болып шығады. Лирикалық шығарма ақынның ой-сезімін, толғанысын көрсету арқылы жалпы адам баласына, қоғамға тән сипаттарды, заман, дәуір келбетін танытатын қасиет-ерекшеліктерді жақсы аңғартады. Лирикалық жанрға ауыз әдебиетіндегі өлеңнің барлық түрлері – еңбек туралы, төрт түлік туралы өлеңдер, тұрмыс-салт жырлары, нақыл-өсиет жырлар, тағы басқалар, терме, толғау, тақпақ секілді нұсқалар жатады. Жазба әдебиет өркеңдеген кезде жаңа түрлер – саяси-әлеуметтік лирика, философиялық лирика, көңіл-күй лирикасы, махаббат лирикасы, табиғат лирикасы қалыптасып, дамиды. Лирикалық шығармалар тақырыбы, құрылысы жағынан да саналуан. Кейде, айталық, арнау өлең, сатиралық өлең-жырлар, немесе хат түріндегі лирикалық шығарманың бөлекше үлгілері ретінде қарастырылады. Ахметов З.