Лексикалық стилистика

lat: Leksıkalyq stılısıka

лексиканың әртүрлі қабаттарының мүмкіндігін және стилистикалық белгілерін, сөздердің функционалды-стилистикалық және эмоционалды-экспрессивті реңктерін, тілді мақсатты қолданудың лексикалық қасиеттерін қарастырады. Лексикалық стилистиканың құрамына синонимдер, полисемия, омонимдер, антонимдер, паронимдер, неологизмдер, кітаби лексика, лексикалық тіркесімділік, тұрақты тіркестер және т.б. кіреді. Тіліміздегі сөздердің лексикалық және грамматикалық мағыналарынан басқа қосымша реңі, яғни эмоциональды-экспрессивті бояуы болады. Әдеби тілдің стилистикалық жүйесі өте күрделі және біркелкі сипатқа ие емес, көп қырлы. Стилистикалық жүйеге әлеуметтік және жергілікті диалектілердің сипаттамалары, жазба тілдің әртүрлі формалары кіреді. Лексикалық стилистика тіл жүйесіндегі стилистикалық ресурстарды мәтіннен тыс қарастырмайды, керісінше қарым-қатынастың әртүрлі саласында қолдану кезінде туындайтын тілдік заңдылықтарды, соның нәтижесінде пайда болатын тілдік құрылымдарды зерттеуге көбірек көңіл бөледі. Қолданым кезіндегі стилистикалық құбылыстардың жүзеге асуы, яғни айтылым стилінің қатысым міндетіне сай болуы (дұрыстығы, мәнерлілігі, тиімділігі) айтылымда, мәтінде орындалады. Сөздің реңі контексте белгілі болады. Мысалы, жеке бір сөздің бірнеше мәні, бояуы болуы мүмкін (ит: үй жануары, ит мінезді адам; шошқа: жануар, шошқа сияқты адам т.б.). Контексте соның қай мәнде қолданылғаны белгілі болады.