Жақсы лепес — жарым ырыс (мақал). Дәл осы мақалдағы лепес сөзін лебіз сөзімен алмастырып «жақсы лебіз — жарым ырыс» деп айтуға да болады. Бірақ бұл екеуі бір сөз емес. Лебіз сөзі араб-парсы тілдеріндегі «сөз» деген мағынаны білдіретін (лафз) сөзінен ауысқан. Ф. Е.Корш қазақ тілінде лепес сөзі лебіз сөзінен шығуы мүмкін емес, үйткені қазақ тілінде с//з дыбыстарының алмасуы кездеспейді. Лепес араб- парсы тілдеріндегі «дәм», «леп», «тыныс» мағынасындағы (нафас) сөзінің өзгерген түрі болу керек дейді (ОРЯС. т. II, кн. I, 1906, 283). Осы пікірге біз де қосыламыз. Өйткені, қазақ тілінде (әсіресе араб-парсы тілдерінен енген сөздердегі) н дыбысын л дыбысымен я керісінше алмастырып айту жиі кездеседі. (салыстыр: нәпсі ләпсі). (Б. С.)