lat: MÁJİLİS
[ар. مجلس ] зат. 1. саяси. Мемлекеттің заң шығару қызметін жүзеге асыратын ең жоғары өкілді органы, арламенттің тұрақты негізде жұмыс істейтін Сенаттан кейінгі екі палатасының бірі.
Парламент Палаталардың бөлек отырысында мәселелерді әуелі Мәжілісте, ал содан кейін Сенатта өз кезегімен қарау арқылы заңдар қабылдайды (ҚР Конституциясы.).
2. Белгілі бір мәселені талқылау үшін ұжымның алқалық ұйымының, ұйым мүшелерінің бас қосатын отырысы, кеңесі.
Мұқаң газет бетіне өзінің қазіргі поэзия туралы ойларын ортаға салған үлкен мақаласын жазып, редакциялық алқа мәжілістерінде сөйлегенде, жұрт бір желпініп, рақаттанып, бір үлкен мектептен өткендей болатын (С.Мәуленов, Үркер.). Совдептің мәжілісінде құралды күш туралы мәселе талқыланып, Совет мүшелері өзімізді “Қызыл гвардия” деп жарияладық (С.Сейфуллин, Шығ.). Мәжілісте күндіз, түн жүрген, Боратып сөздің боранын. Алдың ба еске, кім білген, Жазушылар одағын (С.Мәуленов, Алыс кет.).
3. Бір мәселені шешу, талқылау үшін бас қосу, бірігіп ақылдасу.
Мәжіліс жоқ, Жоқ онда жиналыс та! Үйің де жоқ ағаштан қиған ұста. Еш адамға бармайсың қарыз сұрап, Жанға батқан тұстарда, Қиналыста! (Қ.Мырзалиев, Мәңгі майдан).
4. тар. Ертеректегі қазақ қоғамында хандар тұсынан құрылған елдік, елішілік мәселелерді талқылау, шешу үшін өткізілетін үлкен алқалық басқосу, жиын, мәслихат.
Ғұзырлы болып азырақ, Айта алмадым әңгіме. Болмаса көңілім жоқ еді, Мәжілісті сатарға (Кердері Әбубәкір, Қазағым). Шежіре жаздым алыстан Хат білгендер білсін деп, Білмегендер көрсін деп. Тізіп айтқан кеңесім Бопылық болып жүрсін деп. Азамат басы құралып Мәжіліске кірсін деп (Кердері Әбубәкір, Қазағым).
5. ауыс. Жұрт көп жиналған, жайсаң мен жақсы үйірілген дүрлікпе думан, қызықты думанды отырыс, мерекелі жиын.
Өздеріңдей құмар ем Мәжілісінде сөйлеуге Жақсының басы құралған. «Айт» дегенде жел сөздің – Тоқталайын несіне, Мен тайымда оздым құнаннан! (Базар жырау, Шығ.).
Мәжілісінде жақсының – Дәурен сүріп, к¤н көрген;
Ерегескен олармен – Ажалы жетпей күнде өлген;
Қарадос, Өске, Бұдабай, Серәлі, Садыр, Орынбай, Татауы жоқ сөзінде,
Шұбырған көштің жолындай,
Ақ Кетенің ішінде Шернияз, Шыман, Өтеген
– Солардан да өткен сұм дүние! (Базар жырау, Шығ.).