lat: MÁN
зат. 1. Сана, ұғым арқылы аңғарылатын ішкі мазмұн, мағына.
«Еркек» деген сөздің мәні екеу емес пе? Бірі жынысқа байланысты, екіншісі іске байланысты, қайсысы болса да, маған жеткен баға (Ғ.Мұстафин, Таңд. шығ.). Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар. Үннің тәтті оралған мәні оятар (Абай, Тол. жин.). Құр судан май шықпайды, Құр сөзден мән шықпайды (Мақал).
2. ғыл. Iс-әрекет пен қарым-қатынастың бірлігі арқасында адамның шындықтағы құбылыстарды жалпылай алуының нысаны.
Нәрсенің мәнін меңгеруде адамның сөзі мен формула, сызба, өрнек, кесте және т.б. белгілерді пайдалануы ерекше маңыз алады (Қаз. тілі термин. Педагогика.).
3. мат. Белгілі бір математикалық нысанның сандық көрсеткіші.
Егер айнымалы х-тің абсолют шамасы өзінің бір мәнінен бастап алдын ала берілген кез келген мейлінше аз оң санынан кіші бола берсе, ол айнымалы х-ті шексіз аз деп атайды (О.Жәутіков, Жоғары математика.).