lat: MÝZYKA
[грек. musike] зат. Өмір шындығын, белгілі бір ойды, образды, идеяны әуен, ән, ырғақ арқылы мазмұндап бейнелейтін көркемөнер саласы.
Музыка адам сезімін, ойын, оның ерік-күшін дыбыстық формада суреттейтін қатынас құралы ретінде қызмет етеді (ҚҰЭ).
Қаламаймын әждаһа тірілгенін,
Таптағым бар апатты күнілгері.
Музыканың сазымен сендіргім бар,
Дабыл қаққан соғыстың дүбірлерін (М.Мақатаев, Шығ.).
Сол сезімнен бір музыка туатын,
Санам, жаным, сарайымды жуатын.
Енді, міне, әл-дәрмен жоқ, ән түгіл,
Күрсінуге жетер емес қуатым (Ж.Жақыпбаев, Ләйлә).
Iздеттірмей күндерді алыс қалған,
Музыка боп жалғыздық табысты алдан.
Ашты керең құлағын дүниенің,
Құдірет жасап сиқырлы дауыстардан (С.Мәуленов, Алыс кет.).