МІНЕЗДЕУ, характер-

lat: MİNEZDEÝ, harakter

көркем шығармада кейіпкердің кескін-келбетін бейнелеумен бірге оның ішкі дүниесін, мінез-құлқын, наным-сенімін, психологиялық жан тебіренісін суреттеу. М. жеке адамға берілгенмен, ол жалпы адамға ортақ шындықты танытады. Ол адамдар арасындағы қарым-қатынас, қимыл-қарекет арқылы да беріліп, кейіпкер басындағы қуаныш- сүйініш, қайғы-мұң, ерлік-ездік, ашу-реніш сияқты көңіл күйлерімен ұштасып жатады. Ал адамның сөйлеу тілінен, сөз саптауынан, яғни диалог-монологтарынан да оның мінез-құлқы, пейіл-пиғылы танылады. М. тікелей, тура мінездеумен, жанама мінездеумен, портреттік, пейзаждық тәсілдермен беріледі. Романда М-дің өмірден ойып алғандай нанымды да әсерлі, нақты да дәл түрі берілген. «Бұл магазинде Абай керей тымағын киген, түйе жүн шекпені бар, сондай бір байшыгешті байқады. Қасындағы екі жігітке көне күміс белдігін, қамшысын ұстатып қойыпты. Өзі үлкен тері шалбарын шешіп, шалбарланып алған бешпетінін терең қалтасынан кір орамалды алды. Соған орап түйіп тастаған ақшасын суырып жатып, «бысмылда», «имам ағзам саудасы» дей түседі. Мықшыңдай бүкшіңдеп, кассаға төлейтін ақшасын шабандап шығарып жатыр. Бұл қартаң, сырдан байдың қасына екі жігіті ғана емес, тағы да керей тымақ киген төрт-бес кісі оралды. Орта жасты қалашылар жаңағы байды сыртынан танып, сәлем беріп тақап еді. Бурыл сақал бай шалбарының ала жіп бауын шұбатып, дәл бір дәретке отырғалы жүрген кісідей магазин ішінде талтаңдап, бүкшеңдей берді. Жаңағылардың сәлемін алмай, күңкілдеп, наразы болып, сырт айналып барады» («Түн-түнекте»). Мұнда қазақ даласында сауда капитализмі тамыр жайған тарихи кезеңдегі қарым-қатынастарға бейімделе бастаған қазақтың қыңыр, надан, малқор, жаман айлашыл, бықсыма, бұқпантай байсымақтарының пасық бейнесі құйып қойғандай шыққан.