Митоз

lat: Mıtoz

эукариотты клеткалардың бөліну тəсілі. Митоздың биологиялық маңызы сіңлілі клеткалардың арасында екі еселенген хромосомалардың қатаң түрде бірдей таралуынан тұрады. Бұл жағдай генетикалық тең клеткалардың түзілуін қамтамасыз етеді жəне клеткалық ұрпақтардың сабақтастылығы сақталынады. 1874 ж. И.Д.Чистяков плаун спораларындағы жүрген митоздың бірнеше кезеңдерін сипаттады, бірақ олардың жүйелілігі түсініксіз болды, өсімдіктерде митозды морфологиялық белгілері бойынша бірінші рет зерттеген Э. Страсбургер (1976-79 жж.) болды, ал жануарлар клеткасында 1882 ж. В.Флеминг анықтады. Митоздың орташа ұзақтығы 1-2 сағат. Митоз процесінде біртіндеп жəне үздіксіз бірбіріне өтіп отыратын бірнеше кезеңдерінді ажыратады: профаза, прометафаза, метафаза, анафаза жəне телофаза. Митоз кезеңдерінің ұзақтығы əртүрлі жəне ұлпалардың түрлеріне, организмнің физиологиялық жағдайына, сыртқы факторлардың əсеріне байланысты болады; бірінші жəне соңғы кезеңдері біршама ұзақ уақыт өтеді. Профазаның маңызды белгілері хромосомалардың конденсациясы, ядрошықтың ыдырауы, бөліну ұршығының қалыптасуының басталуы, транскрипция белсенділігінің төмендеуі (профазаның соңында РНК синтезі тоқталады). Бөліну ұршығының түзілуі митотикалық аппарат түзе отырып, клетка орталығының (центриоль) қатысуымен (жануар клеткалары мен кейбір төменгі сатыдағы өсімдік клеткаларында) немесе олардың қатысуынсыз (жоғары сатыдағы өсімдік клеткалары мен кейбір қарапайымдыларда) жүреді. Балдырларда, төменгі сатыдағы саңырауқұлақтарда жəне қарапайымдыларда бөліну ұршығы ядроның ішінде қалыптасады (жабық митоз). Прометафаза ядро қабықшасының фрагменттерге ыдырауымен басталып, бұрынғы ядро аймағына сəйкес келетін клетканың орталық бөлігіне қарай хромосомалар ретсіз қозғала бастайды. «Жабық митоз» кезінде митоздың барлық кезеңінде ядро қабықшасы сақталынады. Метафазада бөліну ұршығының қалыптасуы аяқталады. Хромосомалар қозғалуын тоқтатып, бөліну экваторына қарай жылжып, экватор пластинкасын түзеді. Интерфазамен салыстырғанда белок синтезі 20-30% төмендейді. Митоздың осы кезеңінде клетка бөліну ұршығының бұзылуына əсер етіп, клетка бөлінуін тоқтататын суыққа, колхицинге, оның туындыларына, басқа да агенттерге сезімтал келеді. Бұзушы агенттердің өте аз мөлшерімен əсер еткеннен кейін митоздың қалыпты жүруі бірнеше сағаттардан кейін қалпына келеді. Ал, көп мөлшермен əсер ету клетканың өліміне немесе оның көпплоидтылығына əкеледі.