МАҢДАЙ

lat: MAŃDAI

зат. 1. Бастың жоғары жағының алдыңғы бөлігі.

Өкпесінен оқ өткен,

Өгіздейін өкірді,

Маңдайынан оқ тиген

Жатты қабан секілді (О.Шипин, Дастан.).

Егер мына бір келіншектің көзі мен маңдайына, сонау шеткі қыздың мұрны мен аузын берсе, аумаған Нефертити болар еді (I.Есенберлин, Ғашықтар).

2. ауыс. Есіктің жоғары жағы.

Қарайсың-ау жаның қалмай

Жалтылдаған тал-қайыңға.

Қызыл опа жағылғандай

Ақ үйдің де маңдайына (Ж.Жақыпбаев, Ләйлә).

Алыста, сонау алыста

Маңдайын тамыз күнге ашып,

Арқасын тіреп қамысқа,

Тұратын еді бір лашық (С.Мәуленов, Алыс кет.).

3. ауыс. Бір нәрсенің ең жақсысы, таңдаулысы.

Төрт түлік семіз малдың маңдайынан майданға он сегіз мың мал айдаттым (Айтыс).

Ол кезде жас едім.

Жігіттердің ауданда маңдайы едім (Ү.Уайдин, Ендігісін.).

4. ауыс. Тағдыр, пешене.

Нұр шұғылаң маңдайымнан түн түрді,

Барша жүрек бір өзіңе ұмтылды.

Сен арылттың мұңнан ғазиз жұртымды,

Күй сандығым мың тілді (Т.Айбергенов, Мен саған.).

Сен болып қайта жанды-ау сағынышым,

Бәлкім, тар маңдайымның бағымысың.

Бәлкім, сен менен қашқан махаббаттың

Ойланып қайта соққан шағымысың (М.Шаханов, Ғасырлар.).

5. ауыс. Қолдағы бары, жиған-тергені.

Бұл қазақта жігіттер бар қонаққа

Маңдайындағы бір атын

Жайратып салып, жарқылдап күліп тұратын.

Көкірегінен Күн сөнбей

Осы бір шақтан білсең ғой

Тұратын тауып мұратын (Т.Айбергенов, Мен саған.).