lat: MAǴYNA
[ар. معنى ] з а т. 1. Белгілі бір сөзге тән ұғым, түсінік.
Сөз мағынасы мен оны бірдіретін ұғым арасында белгілі дәрежеде тығыз байланыс болады, бірақ бұл екеуі тең емес (Қазақ тілі энц.).
«Қолөнер» деген сөз ою-өрнек, әшекейлеу мағынасында ғана қалмай, қолмен істеліп, өрнектелетін заттар түрлерін де қамтиды (С.Қасиманов, Қаз. қолөнер.).
Сескенбе, енді қорқып не қыласың,
– Бәрібір сен қасымнан табыласың.
Бала едім шолақ кекіл, “жалаң аяқ”
Білмеймін “жау” дегеннің мағынасын (Ғ.Қайырбеков, Көнсадақ).
2. Мән, маңыз.
Ал мен бар болайын, тірі болайын, қатын алайын, бала сүйейін. Онда қандай мағына бар? (О.Сәрсенбаев, Таңбалы тас).
Сауыққа жас болған соң келіп едік,
Құсанның зор деген соң тамашасы.
Шыдамай қыз сөзіне үлкен-кішің,
Не болмақ бұл ашудың мағынасы – деді Балағаз (И.Байзақов, Құралай.).
Айта алмай шын сөзіңді қорғалайсың, туғаның бүйтіп қор боп құрысын да! Бар пайдаң өз басыңнан артылмаса, мал ғұрлы мағына жоқ тұрысында (А.Байтұрсынов, Шығ.).
Жанып тұрған жас өмір – алқызыл гүл,
Сипаттауға қызығын жетпейді тіл.
Жауқазын желбіреген – жастық шағың,
Өмірдің мағынасын түсіне біл! (Ә.Найманбаев, Шығ.).
3. Негіз, себеп .
Ендеше, мұнда мағына бар екен! Екеуі құда болады деген сыбыс менің құлағыма ертеде бір шалынып еді. Оған нанбап едім. Енді қисыны келді (М.Дулатов, Шығ.).
Тапқыш ой ғой ақылдың мағынасы ,
Түб. – жүрек, болады мида басы.
Орынсызға ұмтылтпай тоқтатуға,
Талаптың алты түрлі бар ноқтасы (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).
4. Мазмұн .
Мұғалім маған қазақша үш кітап берді. «Әзірге мағынасына түсінбесең де, тіліңді жаттықтыра бер» – дейді (С.Омаров, Өмір.).
Бұл өлең қызық емес, көрер көзге,
Сырты мұз, іші жалын,мағынасы өзге.
Жамағат құлақ салмай, ойыңды сал,
Ләйлінің хатындағы мынау сөзге (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).