lat: MARJAN
[ир. مرجان ] зат. 1. зоол. Қос жақтаулы және қырықаяқты моллюскілер бақалшығының ішкі қабаты.
Маржан түйме, әшекей заттар жасауда қолданылады. Бақалшықтың ішіне түскен бөгде бөлшектерді қаптағанда інжу түзіледі (Қаз. тілі термин. Биология).
2. <грек. korallion> Теңіз түбінен алынатын інжу.
Ол бақта күн де жарық, түн де жарық,
Қызарып күндік жерге түсер сағы.
Iнжу, маржан сол бақтың суларында,
Асыл тастың сонда көп шамшырағы,
Мисалы, бейне жұмсақ салтанаты.
Қызығына жан жетпес Иран бағы (Ә.Найманбаев, Шығ.).
Тақсыр-ай! Шақшам шақша емес жақсы еді.
Су сиырдың мүйізінің тақысы еді.
Қырық қой, төрт істеген кісінің ақысы еді,
Сексен маржан көзі бар еді,
Тоқсан қой, тоғыз ат болады деген істеген кісінің сөзі бар еді (Қ.Қалиасқарұлы, Баян-өлгий қаз. ауыз әдеб.).
Олай болса, аш та құлпын қақпаның, Шығар сыртқа, көтер асыл заттарын,
Алтын, күміс, лағыл, маржан тасыңды
Теңдеп тұрып жүз түйеге арт бәрін (C.Жиенбаев, Алтын қалам).
Мақсатына жәуміт қайғы батса да,
Нағыз достар дос күйінде қалады.
Тұрақтылық барабар зат маржанға
Біз де, құрбым, бағынайық сол заңға (М.Шаханов, Ғасырлар.).
3. зерг. Коралл қабыршағынан істелген біркелкі, әдемі, ұсақ моншақ.
Жігітке жиырма бес жас – үлкен зейнет,
Мағшұқтың маржан таққан зұлпындай-ақ.
Көңіліңе келер сонда толық байлық,
Қарайып отар жатқан жылқыңдай-ақ! (О.Шораяқов, Шайыр).
Үлгі бойынша сызылған өрнектің үстіне мәнеріне қарай тізіліп алынған әртүрлі ұсақ маржандар тізіліп тігіледі (С.Қасиманов, Қаз. қолөнері).
Алтын зерлі матадан жасалған сәукеленің өн бойы меруерт, маржан, кәукер ақық, жақұт сияқты асыл тастармен безенген (С.Мұқанов, Аққан жұлдыз).
4. ауыс. Қолға түспейтін, қымбат, асыл зат.
Үйреніп өмір бар заңын,
Өткізіп сыннан қанша мың,
Білген соң қымбат-арзанын,
Алдыңа тастар маржанын (Т.Айбергенов, Мен саған.).
Өткірдің жүзі,
Кестенің бізі,
Өрнегін сендей сала алмас,
Білгенге маржан,
Білмеске арзан,
Надандар бәһра ала алмас (Абай, Тол. жин.).
Қазақ ән мәдениетіне: «Айнамкөз», «Зәуреш», «Сұршақыз», «Құлагер», «Қорлан», «Гәкку» тағы басқа сол сияқты ән маржандарын асыл алқа ғып тақты (I.Омаров, Серпін).