lat: MASHINA
[лат. machina] зат. тех. 1. Мәшине (іштен жану қозғалтқыштары арқылы механикалық қозғалыс жасайтын адам, жүк тасымалдаумен қатар әртүрлі басқа да (шөп шабу, ауылшаруашылық өнімін жинау) сияқты жұмыстарға арналған көліктердің жалпы аты; автомобиль).
Бригадир трактор, машина дегендеріңді өзі жүргізе береді (Ә.Жәмішев, Дала.).
Машиналар тонналап бидай тасып,
Күні-түні тоқтамай зауласын да.
Ұсталарым, көрікті қыздыра соқ,
Дайын тұрсын жөнделіп арбасы да (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.).
Бұл күнде Көкиық та – бір төмпешік,
Айдары аласарып, кеткен өшіп.
Көрінген көлік пенен машиналар,
Басына шығып жатыр ентелесіп (Ғ.Қайырбеков, Көнсадақ).
Машина және шықты шөп шабуға,
Қиналмай ниһаятсыз көп шабуға.
Байларға бұда үлкен жәрдем болды,
Шөп беріп көп малдарын басқаруға (Кердері Әбубәкір, Қазағым).
2. Адам еңбегін алмастыруға арналған әртүрлі өндіріс орындарында қолданылатын күрделі операциялар атқаратын техникалық құрал, механизм.
Технологиялық машиналарға металл өңдеуіш станоктар, прокат стандары, тоқу станоктары, полиграфиялық машиналар жатады (ҚСЭ). Өндіріс машиналарының әрқайсысының атқаратын қызметі мынау: көмкеру, қусыру, қаю, ысқылау, құрастыру, керу, шегелеу, ұлтандау сияқты ұсақ істер (С.Мұқанов, Саяхат.).
3. Адам жасаған қандай да бір механизм, күрделі құрылым.
Төмен түсер тетігін тауып алды,
Ажалға себепті еді, аман қалды.
Бір бентін машинаның бұрап еді,
Ағаш ат төңкеріліп төмен салды (Ә.Найманбаев, Шығ.).
4. Жеңіл мәшине, жеңіл автокөлік.
Аяймын, шынын айтсам,
Машинасы,
Дачасы бар адамды!
Ұғымды бұл ақылы кіргендерге,
Ұлы сөзге құлағын түргендерге,
Кызығамын,
Трико киіп алып
Тоғай кезіп жүгіріп жүргендерге (Қ.Мырзалиев, Мәңгі майдан).
Ел сыйлайтын жігітпіз, ер сыйлаған,
Кейде теңіз болып бір тасиды адам.
Ауылыма келем де апта сайын
Түсіп жатам аппақ бір машинадан (Т.Молдағалиев, Шақырады.).
Бір көлік, бір жүк мәшине көлеміндей. Александра Ивановна қараңғы үйде село жаңалықтарын баяндауға кірісті: – Бүгін неміс штабына төбесі жабылған бес машина қару-жарақ келді (М.Иманжанов, Адам.).