МАТА

lat: MATA2

ет. 1. Айқастыра байлау, мықтап бекіту.

Басмашылар аттарын ойпаңдау жерге матап қойған (Қ.Исабаев, Соңғы.).

Кедейлікке көнген ер,

Ағарған әбден сақалы,

Астықтан алған бір-екі

Байталдарын матады (О.Шипин, Дастан.).

2. Шырмау, бекітіп тоқу.

Қарлығаш ұясын шөппен байластырып, балапандары құлап кетпес үшін қылмен матап қояды (С.Қасиманов, Алтай.).

3. Малды арнайы іске байлау, мал арнау, сыйлау.

Еспембеттен Бөртенің

Бұрын шықты атағы.

Ақбөртеге қызығып,

Біреу қойын қосақтап,

Біреу қысырақ матады (Дулат Бабатайұлы, Замана.).

4. ауыс. Тыйым салу, жол бермеу.

Үй ішіне кірген көңілсіздік баланың әншейіндегі ойынын, қуанышын матап кетті (Ж.Молдағалиев, Айналайын.).

Мал үшін құда болар сәби ұлға,

Уағда қылып тұйықсыз алыс жолға.

Ол бала өледі ме, өседі ме,

Боларын қайдан білген малға тұлға,

Күнәсіз бесіктегі сәбилерді

Матайды қарлығаштай тізіп қылға (Ә.Найманбаев, Шығ.).

5. ауыс. Бөгеу, доғару, тоқтату, тұншықтыру, тежеу.

Ырылдаспа тіріңде,

Ырыс алды ынтымақ.

Ашуды ақыл-қазыққа

Апарып матап байлаңдар (Қабан жырау, Алтын қазық).

6. ауыс. Байлану, шөгу, жиналу.

Кенгірбайлар атын сенен атаған,

Кенді үңгірлер,

Жез тұндырып, матаған.

Қазынасын қопарғалы сан ғасыр,

Оқпан, үңгі іздер жатыр атадан (К.Салықов, Жезкиік).

7. ауыс. Өру, араластыру, қосу, үйлестіру.

Бір сөзімен ханның бетін қайтарған,

Алдын болжап, айқын көріп айта алған.

Төрт аяғы бірдей жорға тайпалған,

Мақалдарды матап соққан майталман (С.Мәуленов, Алыс кет.).