lat: MEKTEP
[ар. مكتب ]зат. 1. Бастауыш, орталау және орта дәрежелі жалпы білім беретін оқу орны.
Есіме Кенжегүл түсті. Мен мектепті бітіретін жылы алтыншы класс оқитын еді (Ж.Молдағалиев, Айналайын.). Білмеді күннің қалай өткенін де, Сезбеді ай мен жылдың жеткенін де, Көрместен ел қарасын неше жылдай, Оқыды Орынбордың мектебінде (О.Шипин, Дастан.).
Он бір мен он екіде сабақ оқып,
Еркелеп үйіңе кеп тыржыңдайсың.
Он үш пен он төртіңде тағлым алып,
Мектептен білім алып ұғындайсың (Ә.Найманбаев, Шығ.).
2. пед. Жас ұрпаққа білім, тәрбие беретін мекеме; білім беру жүйесінің негізгі буыны .
Мектептердің түрлері:1) білім беру сипатына қарай: жалпы білім беретін және кәсіптік;
2) берілетін білім көлеміне қарай: бастауыш, орта, жоғары ;
3) балаларды жынысына қарай бөліп оқытатын ;
4) оқытудың тілдік нысанына қарай: а) ұлт мектебі; ә) орыс тілді м е к т е п , аралас тілді м е к т е п ;
5) дінге қатысына қарай: діни зайырлы;
6) меншік түріне қарай: мемлекеттік, қоғамдық және жекеменшік (ақылы) мектептер болып сараланад (ҚҰЭ).
3. Орта білімнің толық курсы.
Мектептен соң алыпты да комсомолдық жолдама,
Сауыншы болып келіпті осы ауылдағы фермаға (М.Шаханов, Ғасырлар.).
4. Бастауыш, орта білім беретін оқу орнының ғимараты.
Жүр едім серуенде тал түсте мен,
Жер қара, әлі үстіне қар түспеген.
Шыққаны әлде дүкен, әлде мектеп,
Бір бала келе жатты нан тістеген (Ғ.Қайырбеков, Көнсадақ).
Көкке бойы өрлеген, Көк шатырлы мектебім.
Өткізіп ем сенде мен Өмірімнің көктемін (С.Мәуленов, Алыс кет.).
Енді міне мектеп бөлек,
Үй бөлек.
Төрімізге шықты заман кимелеп.
Енді қазір
Еттің нанын келіңдер,
Оқтау емес,
Бутылкамен илемек! (Қ.Мырзалиев, Мәңгі майдан).
Иә, сен мектебісің, мектебісің!
Талайдың сенен түлеп кеткені шын.
Қариялар құмартып сені алады,
Біржола қартайып кетпеу үшін (М.Мақатаев, Шығ.).
5.ауыс. Мектеп ұжымы, мұғалімдер.
«Ұл болады, – дейтін ауыл, – текті, отты»,
Сол бір тілеу көкіректе көктепті.
Қуандырдым күнде әке-шешемді,
Қуандырдым мені оқытқан мектепті (Ж.Жақыпбаев, Ләйлә).
6. ауыс. Бір нәрсені үйреніп шығатын, үлгі, өнеге, тәжірибе алатын орны.
Екіншіден, Естайдың Біржан мен Ақанды көруі, бірге болуы, олардың орындауын есітуі, әндерін үйренуі үлкен мектеп болады (А.Жұбанов, Замана.). Ыбекеңмен ұшырасқан әрбір сәт – өзінше бір мектеп секілді, тұтас бір буынға өнеге (Октябрь өрендері). Сөз саралауы жағынан Абай поэзиясының үлгісін ақын зор мектеп санайды (С.Қирабаев, Октябрь.).