МЕМЛЕКЕТ

lat: MEMLEKET

саяси жүйенің басты элементі, оның негізгі ұйымы. Мемлекет деген ұғым екі мағынада қолданылады: 1) кең мағынасында үлкен әлеуметтік топтың ұйымын білдіреді де “халық”, “қоғам”, “ел” деген ұғымдарға сәйкес келеді; 2) тар мағынасында басқару құрылымының, мемлекеттік аппараттың жиынтығын білдіріп, “үкімет”, “әкімшілік” деген ұғымдарға сай келеді. Саясаттануда екінші мағынасында пайдаланылады. Бұдан кейінгі жерде бізде сол көзқарасты ұстанамыз. Мемлекет — керек кезінде арнаулы күштеу органдарын пайдалана отырып, өз аумағында тұратын адамдардың мүддесін қорғауға тиіс және соған орай олардың арасындағы арақатынастарды құқықтық ережелер арқылы реттейтін қоғамдық механизм. Мемлекет алғашқы қауымдық қоғамда болған жоқ. Ол құл иеленушілік қоғамда дүниеге келді. Оның пайда болуы және мәні жөнінде әртүрлі көзқарастар бар. Солардың ішінде ең кең тарағандары мыналар: 1. Теологиялық теория. Оның негізін салушылар А.Августин мен Ф.Аквинский мемлекеттің пайда болуын құдайдың құдіретімен түсіндірді. 2. Патриархтық теория. Оның негізін салушы XVII ғ. өмір сүрген ағылшын ойшылы Роберт Филмер мемлекеттің пайда болуын рулардың тайпаға, тайпалардың одан үлкен қауымдастыққа, олардың одан әрі мемлекетке дейін бірігуінен деп санайды. Осыған ұқсас идеяны Аристотель де айтқан болатын. 3. Қоғамдық келісім теориясы (Т.Гоббс, Г.Грокий, Ж.-Ж. Руссо) егеменді әмірші мен оның қол астындағы адамдардың келісімінің арқасында мемлекет пайда болды дейді. 4. “Зорлық жасау” теориясы (Е.Дюринг, Л.Гумплович, К.Каутский) бір елді екінші елдің басып алуының нәтижесінде арадағы қатынастарды реттеу үшін мемлекет пайда болды деп пайымдайды.5. Географиялық теория (А.Ратцель, В.Соловьев, Б.Чичерин) мемлекеттің пайда болуы географиялық ортаның (ауа райы, жер бедері және т.б.) өзгешеліктерінен деп түсіндіреді. 6. Психологиялық теория адамдарға бағыну мен құлшылық ету қажеттігі мәңгі бақи тән болған дегенді айтады. 7. Марксистік теория мемлекеттің пайда болуын жекеменшік пен таптардың шығуымен байланыстырады. Ол экономика жағынан үстемдік етуші таптың саяси үстемдігін қамтамасыз ету үшін және басқа таптардың қарсылығын басу үшін керек деп санайды. Ф.Энгельс мемлекет әрдайым “ең қуатты, экономикалық жағынан үстем таптың мемлекеті болып табылады, сондай-ақ ол тап мемлекеттің көмегімен саяси жағынан да үстем тап бола алады және осы арқылы езілген тапты басып-жаныштау және қанау үшін жаңа құралдарға ие болады” деп жазды. 8. Қазіргі шетелдік зерттеушілер мемлекеттің мәні таптық күресті бітістіруде, татуластыруда деп біледі. Оған барлық халықтың ұлттық мүддесіне сай келетін қоғамдық тәртіпті жасайтын ұйым, құрал ретінде қарайды. Қоғамға қауіпті әлеуметтік шиеленістерді асқындырмауға тырысып және оларды бейбіт саяси жолмен шешу үшін мемлекет негізгі әлеуметтік топтар арасындағы қатынастарға белсене араласып, ортадағы әділ төреші сияқты болуы керек дейді.Қоғамның әртүрлі топтарымен әкімшілік өзара қатынас туралы келіссөз жүргізу арқылы өзінің билігін күшейтеді. Инфрақұрылымдық билік тұжырымдамасы мемлекетке бағдарланған және қоғамға бағдарланған көзқарастарды қарама-қарсы қою тым қара дүрсін деп топшылайды. Мемлекеттік әрекеттерде мүдде бар, бірақ ол мүдде қоғамдағы топтар мүддесіне бағытталған. Ол ол ма, араласу құралдарын әзірлеуде мемлекеттік әрекет қоғамдағы одақтастарына тәуелді. Күш мемлекеттік биліктің бірден-бір құралы бола алмайды, демек мемлекеттік қайраткерлер біраз есе беруге мәжбүр болады. Мемлекеттің кез келген анықтамасы оның күрделі екендігін мойындауға тиіс. Оның шекарасы анық белгіленбейді және ылғи өзгеріп отырады. Бұл институттар арасындағы ғана емес, институттардың өзінің ішіндегі жанжалдар саласы. Мемлекеттің мүддесі ғана емес, мемлекеттің әртүрлі органдарының ішінде де әртүрлі мүдделер бар. Бұл мүдделер тек қана мемлекетке бағдарланған, жалпы бүкіл қоғамға бағдарланған бола бермейді, қайта азаматтық қоғамның әртүрлі топтары мен әртүрлі мемлекеттік қайраткерлер арасындағы уағдаластықтар арқылы дамиды. Бұл мәселемен танысуды Роджер Кингтің “Тһе State іп Моdern Sосіеtу” (1986) атты еңбегінен бастаған абзал. Мемлекет жөніндегі енді бір маңызды мәселе — мемлекеттік өкімет табиғаты. Мемлекет институттар қосындысы ретінде жұмыс істей алмайды. Мемлекет шеңберінде шешім қабылдап, саясатты жүзеге асырушы әртүрлі әрекет иелері бар. Мұның өзі соңғы кезде көп сөз болып жүрген мемлекеттің дербестігі туралы мәселені қозғайды. Плюралистер, әдетте, мемлекетті қоғамда бар топтардың мүддесіне әрекет ететін ұйым деп қарастырады. Сөйтіп, мемлекеттің әрекеттері, сол топтар жасайтын қысымға реакция болып табылады. Кейбір плюралистердің пікірі бойынша, топтық жанжалдар туындайтын арена, ал мемлекеттік саясат сол жанжалдар нәтижесімен айқындалады. Енді біреулер үшін, мемлекет іс жүзінде қысым топтарының құрсауында, үшінші біреулердің көзқарасы бойынша, мемлекет ұлттық мүдденің не екенін әртүрлі мүдде топтары мен олардын талаптары арасындағы төбе би рөлі арқылы айқындайды.