МЕМЛЕКЕТ

lat: MEMLEKET

билікті ұйымдастыру түрі, қоғамның саяси жүйесінің негізгі әлеуметтік институты. Мемлекет қоғам көлеміне тең келетін қауымдастық қалпына еніп, жеке аумаққа орналасып, сол қоғамның бүкіл мүшелерін қамтиды. Өкілетті орган бола отырып, мемлекет азаматтық қоғам халық, ұлт, тап, әлеуметтік жіктер, жекелеген тұлғалардың мүдделерін жүзеге асырушы құрал, қоғамдық қатынастарды реттеудегі белсенді рөлімен ерекшеленеді. Мемлекет қоғамдық өмірдің барлық саласына ықпал етеді, қоғамның толыққанды, тұтас ағза ретінде өмір сүруі үшін кажетті әлеуметтік-экономикалық және рухани құндылықтарды жасауда нақтылы шаралар қабылдайды. Мемлекет қоғамдық тәртіпті орнату, қорғау, байланыстар орнату, сыртқы жауды тойтару, табиғаттың алапат сұрапылдарымен күрес және т.б. қызметтер атқарады. Мемлекеттің ерекше белгісі онын ел ішінде және сыртында бүкіл қоғамның атынан әрекет ету құқы, заң шығару, әділ сот жүргізу құқықтарының жиынтығы болып табылатын егемендігі. Мемлекет қоғамды басқарудың ерекше аппараты ретінде көрінедімемлекеттік машина»), қоғамның, салыстырмалы түрде, дербес бөлігі болып табылады, көп жағдайда өз әрекеттерінде қоғамға, тапқа, жікке, топқа, жеке тұлғаға қатысты күш қолдану, мәжбүрлеу шараларына жүгінеді. Мемлекеттің ішкі құрылымы бар, өз билігін жүзеге асыру үшін қажетті арнайы органдары мемлекет аппараты, яғни солар арқылы мемлекеттік билік, ішкі және сыртқы қызметтер жүзеге асырылатын, басқару органдары жүйесінен тұрады. Мемлекеттік тетік бөліктері болып өкілдік мекемелер жүйесі, атқарушы-нұсқаулық органдар, қадағалаубақылау органдары, сот жүйесі, қоғамдық тәртіпті сақтау, мемлекеттік қауіпсіздік, қарулы күштер органдары табылады. Жаһандану кезеңінде мемлекеттің рөлі мен қызметі ықпалдасқан бірлестіктердің пайда болуы салдарынан өзгеруде (мысалы, Еуропа одағы).