орталық жүйке жүйесінің жоғарғы бөлігі. Ол оң және сол жарты шарлардан (ми сыңарлары) тұрады. Оның ішінде ақ зат, сыртында сұр зат (ми қабығы) бар. Ми үш блоктан тұрады. Оның біріншісі энергетикалық (сырттан, іштен ақпарат түсетін), екіншісі ақпаратты қабылдап, өңдеп сақтайтын, үшіншісі бағдарлау және бақылау жасайтын блоктар. Мида көптеген жүйке орталықтары (көру. есту, тері, қозғалыс, иіс, дәм және т.б.) бар. Мысалы, оның желке бөлігінде көру орталығы, самай бөлігінде есту, төбе бөлігінде қозғалыс орталықтары орналасқан. Бұлардың жалпы саны 200-ден астам. Ми бірыңғай тұтас мүше. ол бейне қабылдағыш аспап тәрізді, ондаған талдағыштардың ядросынан тұрады. Мида бірнеше қабаттар бар. Мұндағы жасушалар атқаратын қызметіне қарай әртүрлі болып келеді. Жалпы саны 16 миллиардқа жуық жүйке талшықтары сезім мүшелерімен бүкіл денемен байланыстырып тұрады. Мидың ең төменгі бөлімі жұлын (ең ескі ми), оның жалғасы сопақша, оған жалғас ортаңғы, сосын аралық және ми қабығының асты (ретикулярлық формация) болып бөлінеді. Ми сырт жағынан орай, төбе, самай, желке дейтін бөлімдерден тұрады. И.П.Павлов мидағы қозу мен тежелу процесінің заңдарын ашқан. Бұлар алғаш пайда болған жермен жайылып (иррадиация), кейіннен шоғырланып (концентрация) отырады. Қозу мен тежелу өзара индукция заңы бойынша мидың бір алабында қозу процесі туса басқа бір алабында тежелу процесі туындайды.