lat: MOIYN
зат.1.анат. Адам не жануарлардың басын кеудемен жалғастыратын дене мүшесі.
Қойдың м о й н ы жеті мойын омыртқадан тұрады (А.Еламанов, Қой шаруаш.).
Түлкі тымақ, сырты паң,
Мойында бар ақ шарып,
Қымбат ішік, қыл шапан
Папирос тарттым баптанып (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).
Қатты суық күндері мойынды ашып жүру дұрыс емес (Б.Қабижанов, Бала.).
2. Қойшының сыбағасы саналатын, сүйегі көп, еті аздау мүше .
Бұрын қойшының сыбағасы – мойын, көтен,
Бәйбіше де қоймайды одан бөтен.
Қарынға қойыртпақты құйып алып,
Қойшының қорегі сол тамақ еткен (Тарту).
3.этн. Сәбидің мойны тез бекіп, қатаю үшін жас босанған әйелге арнайы асылатын мүше .
Қонаққа асқан етке мойын аталатын мүшені салмайды. Жас босанған әйелге, «баланың мойны тез бекиді» деп ыстық мойын тістеткен (С.Мұқанов, Қазақ қауымы).
4. ауыс. Бір нәрсенің басымен жалғасқан жері .
Ұстаған нәрсенің мойын тұсы.
5.ауыс.сәул. Құрылыс кезінде гидротехникалық ғимаратты немесе оның қазаншұңқырын су басудан қорғайтын қоршау (бөгет).