lat: MYQTY
с ы н. 1. Күшті, қуатты, әлді; қолында билік-байлық бар.
Мықты деп болса біреу аты шыққан,
Алысып болмаса жан оны жыққан,
Кісіге аса қайрат пайда бермес
– Бір күні жазып табар тасқандықтан (А.Байтұрсынов, Шығ.).
Осы күнде арамның жолдасы мол,
Қу мен сұмды кім жиса, шын мықты сол.
Мақтан, атақ іздесең адамнан без,
Ардан күсіп, арамның біреуі бол (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).
// Күшті, әлді адам.
Жөтелді сәл жанында тұнып өлең,
Сосын айтты: – Жақсы-ау деп ұлы деген,
Тұрсам ба деп тұғырда түлеп жүрмін,
Қол ұстасып мықтының біріменен (С.Мәуленов, Алыс кет.).
2. Берік, бекем .
Ат сұлу, айғыр мықты жалыменен,
Батыр мықты, бай күшті малыменен.
Жеті жұртты билеген би болсаң да,
Әркімді алсын құдай табыменен (Шал ақын, Өлеңд.).
Бір ұзын алып қолға мықты шыбық,
Қаздарын қалаға айдап шықты мұжық.
Қуалап байғұстарды келеді ұрып,
Асығып базар күнге жаны шығып (А.Байтұрсынов, Шығ.).
Бай мен жарлы баласы аңға шықты,
Жалаң қағып жарап тұр аты мықты.
Жортып жүрген түлкіні көрді-дағы,
Қуып барып еріксіз інге тықты (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).