МАХАББАТ

lat: Mahabbat

[ар. محبة ] зат. 1. Әйел мен ер адам арасындағы құштарлық сезім, бір-біріне дегенсүйіспеншілік.

Жақсы көріп бәйбіше,

Айырылмайды өзімнен.

Ойнайды бір от көзімнен,

Махаббат ыстық сезіммен (О.Шипин, Дастан.).

Махаббатқа да сенгеміз,

Ғашық та болып көргеміз.

Баяны бар ауылға Қозы болып та келгеміз.

Есерсоқ болып кетпедік,

Еркелей білдік елге біз! (М.Мақатаев, Шығ.).

Махаббат бір тәтті у, ішер жүрек, болар мас (М.Дулатов, Шығ.).

2. Адам бойындағы айналасына деген мейірімге толы сезім, адамға тән биік, асқақ сүйіспеншілік, игі қасиет, ізгілік.

Ақша бұлттар, найзағайлар анталап,

Анасына сағынышын арқалап,

Келіп жатқан перзенттері секілді

О, тәңірі, о, мәңгілік махаббат! (Ғ.Қайырбеков, Көнсадақ).

Адамның жүрегіне бақыт, махаббат ұрығын орнататын көкірекке сіңген сол толғаулы терең ой («Абай»).

3. Бар ынтасы, бар ықыласы, ерекше ыстық қатынас айрықша ынтызарлық, сүйіспеншілік.

Кәне, кімнің аузы бармақ жас жігіттің от кеуде,

Туған жерге деген гүлзар махаббаты жоқ деуге (М.Шаханов, Ғасырлар.).

Бәрі де өте шықты бұрылмастан,

Ақ жанның көктемдегі тұнық аспан.

Халқыңның махаббаты жасай бермек, өзіңе ешқашан да суымастан (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.).

Қанабек өзінен кейінгі өнерпаз ұрпаққа жасының үлкендігімен ғана емес, өнерге деген ыстық махаббатымен , актерлік биік өресімен, режиссерлік терең кеңесімен аға (Ә.Жәмішев, Дала.).

4. діни. Алла тағаланың он сегіз мың ғаламды, бүкіл ғаламды жаратқан ұлы, шексіз сүйіспеншілігі.

Алланың атыменен аталатын Дүниенің бар байлығын, махаббатын Бөктеріп Құлагердің аш беліне, Жалғаннан шауып өтті Ақан-аға (Ғ.Қайырбеков, Көнсадақ).

Махаббатпен келсең мынау әлемге,

Мәрелерден мәрт боп асып дәлелде.

Ондық жүрек ырзалықпен толмаса,

Біздің тіпті өміріміз далбаса (Т.Айбергенов, Мен саған.).

Адамзатты махаббатпен жаратқан Аллаға мың шүкір («Ана тілі»).

5. Жаратылыстағы, табиғат әлеміндегі үйлесімділік, сұлулық, реттілік пен тәртіптіліктің ұйытқысы ретіндегі ұлы күш. Шашатын уылдырық күндер туып, Ойласар жүрген шағы Су астын махаббатқа бір толтырып (Ғ.Қайырбеков, Көнсадақ).

Не кездессе өздеріңмен көрмекпін,

Қарапайым адамдары еңбектің!

Барлығын да бағыштар ем сеңдерге,

Махаббатын маған берсе жер-көктің (Т.Айбергенов, Мен саған.).

Сүйген адам, сүйікті қыз, жар.

Жоқ сөзіңнің дәйегі,

Семьяң жай далбаса.

Махаббат пен әйелің

Бір фамилияда болмаса! (Қ.Мырзалиев, Мәңгі майдан).

Сол тілменен махаббатқа тіл қаттым,

Сол тілменен талай гүлді жырлаттым.

Сол тілменен сәбилерді сөйлетіп,

Талайлардың көз жастарын құрғаттым (С.Мәуленов, Алыс кет.).

“Достардың” ортасына түсіп қалдым... (Шәміл-ау! Осы мені ұшықтар кім?)

Желдеріне желігіп пысықтардың,

Кеше мен махаббатқа ішіп бардым (М.Мақатаев, Шығ.).