МАХАББАТ

lat: Mahabbat

(ар. махаббат محبة) сүю, жақсы көру, сүйіспеншілік сезімі.

Атым менім Балқия, Мысыр шаһарым, Күйдірді ғой махаббат менім бағырым («Шаһмаран». Бабалар сөзі. 2-том. 2004. 100 томдық).

Махаббат соңыра қыз білер өз ісін, Өзіне жақын қылып сүйер қызды («Ғазауат сұлтан». Бабалар сөзі. 13-том. 2005. 100 томдық).

Көңілінде махаббаты болмаған соң, Зейнепте болмады һешбір дамыл («Қисса Зейнеп пен Заидтың уақиғасы». Бабалар сөзі. 16-том. 2005. 100 томдық).

Күндіз-түні жатады сол үңгірде, Үміт қылып Жүсіптің махаббатын («Қисса хазірет Жүсіп аләйһиссалам илән Зылиханың мәселесі». Бабалар сөзі. 18-том. 2005. 100 томдық).

Екеуінің махаббаттық шиғыры екеуінің арасындағы махаббат хикаясы.

Екеуінің махаббаттық шиғырларын, Сыртынан біраз ғана түйген екен («Қисса Таһир Зүһра». Бабалар сөзі. 19-том. 2005. 100 томдық).

Мағшұқтың махаббаты ғашық адамның махаббат сезімі.

Шаһзада тыңлап отыр құлақ салып, Мағшұқтың махаббатын көңліне алып («Қисса Гүлшаһра Дохтари сұлтан Кашмирдің хикаясы». Бабалар сөзі. 3-том. 2004. 100 томдық).

Махабатлы шын пейілді.

Ақпейіл, өзімізге махабатлы, Сұраймын және аман ба Қантбаласы? («Сыздық Мәшімбайұлына». М.Жүсіп, І-том, 2003).

Махаббат бағлау жақсы көру, берілу.

Пайғамбарға махаббат бағлағаның, Себептен Құдайға болды жуық («Шаһмаран». Бабалар сөзі. 2-том. 2004. 100 томдық).

Махаббат жыры бірлән сүйіспеншілікпен.

Сәлімжан мағишатта төрт жыл тұрды, Махаббат жыры бірлән дәурен сүрді («Хикаят Сәлімжан». Бабалар сөзі. 5-том. 2004. 100 томдық).

Махаббаттас тілектес.

Синаға шайхы Ғабдолла депті былай: Бізбенен махаббаттас болмадың ба? («Әбуғалисина, Әбілхарис». Бабалар сөзі. 7-том. 2004. 100 томдық).

Махаббатты болу жақсы көру.

Расулға махаббатты болғаннан соң, һәр нәрсе кеудесіне болды дайын («Қисса Зейнеп пен Заидтың уақиғасы». Бабалар сөзі. 16-том. 2005. 100 томдық).

Махаббаттық сөз сөйлесу бір-біріне деген ғашықтықтары, сүйіспеншіліктері туралы әңгімелесу.

Азғана махаббаттық сөз сөйлесіп, Екеуі көп отырмай үйге қайтты («Қисса Таһир Зүһра». Бабалар сөзі. 19-том. 2005. 100 томдық).

Махаббаттың атына мінбеу ғашықтықты басынан өткермеу.

Білмейді бастарына келмеген жан, Атына махаббаттың мінбеген жан («Гүлкәшимә». Дастандар, 1960).