(парсыша «мактаб») – жазу жазатын жер, бастауыш мектеп. Тағы бір мағынасы: жазу үстелі, кабинет, кеңсе, бюро. Бастауыш («құран әліппесі») білім беретін орын ретінде қолданылатын мектеп – «құттаб» терминінің баламасы. Мектепте 5 жастан басталатын бастауыш, ал құттабта 10 жастан басталатын одан кейінгі білім берілген. Бұл сөз көбіне османдық Түркияда, Еділ бойында, Қырым мен Орталық Азияда қолданылған. Ал араб елдерінде ол басқаша аталды («куттаб»). Кейінгі заманда «мектептің» – «орта», «шәкірттер жиынтығы» секілді мағынасы да пайда болды. Жәдит кезеңінде мұсылманша білім ордасын – мектеп, ал еуропаша білім ордасын – школ (скул, үшкөл) деп атады. «Сыныф», «класс» терминдері де осыған сәйкес аталды.