МОДЕРНИЗАЦИЯЛАУ /ЖАҢҒЫРТУ, ЖАҢАЛАУ, ЖЕТІЛДІРУ/(«ҚАЗАҚСТАН-2050 СТРАТЕГИЯСЫ» ТҰРҒЫСЫНДА)

lat: Modernızasıalaý /JAŃǴYRTÝ, JAŃALAÝ, JETİLDİRÝ/ («QAZAQSTAN-2050 StrategıaSY» TURǴYSYNDA)

(французша сөзінен - moderne – заманауи,) – заманға сай етіп жаңғырту, не нəрсені болсын жетілдіруді, соның қатарында технологияны жетілдіруді енгізу. Саясатты жаңғыртудың қазіргі теоретиктері мұны екі типке бөліп қарайды: 1) XVI-XVIII ғасырларда Батыс Еуропа мен Солтүстік Америка елдерінде өткен алғашқы саяси жаңғырту. Ол Еуропада Шіркеу реформациясынан (XVI ғ.) басталып, Ағарту дəуірінде (XVII-XVIII ғасырларда) нығайды. Реформация мен Ағарту дəуірлері дін саласын қайта құрды, кейін экономика мен əлеуметтік салалар түрленді; нəтижесінде өзіне сəйкес келетін саяси жүйесі құрылған азаматтық қоғам қалыптасты. Осы түрлендірулердің нəтижесінде пайда болған қоғамның қазіргі түрінің (еуроамерикандық) сипаттары – ұтымды ұйымдастыру; негізгі институттардың мемлекет меншігіне өтуі; тұлғаныдербестендіру мен оны инструменталдық құндылықтарға (технологиялар, нақты ғылымдар, тұтыну, прогресс) бағдарлау; əлеуметтік ұтқырлықтың күштілігі мен адамдардың белсенділігі; адамдарға емес, заңға бағыну; биліктің демократиялық формаларға ұмтылуы. 2) Екінші қайталанған («қуып жетуші») саяси жаңғырту (қандай да бір жағынан) бұрынғы дамуы төмен болған елдер мен Латын Америкасының, Азияның, Африканың, Ресейдің аймақтарында болып отыр. «Қуып жетуші» жаңғыртудың күрделілігі сонда, батыс саяси институттарының пісіп жетілуінің «табиғи» логикасын ұстануға мүмкіндік болмады: бұған енді уақыт та жоқ, ал саяси «заманауиланған» елдердің көршілес болуы жəне олардың ықпалының артуы, дамуы төмен елдердің саяси жаңғыру үдерісін одан сайын үдете түсуге мəжбүр етеді. Осы арада дамуы артта қалған «дəстүрлі» елдерде бір элементтер саяси өмірдің жаңа стандарттарын меңгеруге толық дайын болады да, ал басқалары тек енді ғана құрылып жатады, үшінші бірі мүлдем болмауы да мүмкін.Саяси жаңғыртудың тарихи жағынан бастапқысы батыстық үлгі болды, ол бойынша алғашқы кезеңде билік беделін ұтымды ету (17-18 ғасырлар), саяси функциялар мен институттарды ажырату (19 ғасыр) жəне саясаттың үлесін ұлғайту (20 ғасыр) жүзеге асырылды. «Қазақстан-2030» Стратегиясында ел Президентінің үш бірдей жаңғырту туралы ойы алғаш рет жарияланды, олар: мемлекет іргесін құрып нарықтық экономикада серпіліс жасау, əлеуметтік мемлекеттің негіздерін қалау, қоғамдық сананы қайта өзгерту. ҚР Президенті 2012 жылдың 10 шілдесіндегі «Қазақстанның əлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай жиырма қадам» атты бағдарламалық мақаласында қажеттігін қадап айтқан əлеуметтік жаңғырту бүгінде ықтимал сынақтар мен тəуекелдер туралы анық түсінік болуын талап етеді. Дағдарыстан алған сабақтар жаңғырту императивтерінің əлемнің барлық елдеріне ортақ болатынын тағы да бір көрсетті. Бұл адам капиталының дамуына баса назар аударуға міндеттейді. Əлеуметтік жаңғырту билік пен қоғамның өзара əрекеттестігін, секторлар аралық ынтымақтастықты нығайтудың сарқылмас мүмкіндіктерін ашады. Қоғам санасын өзгертпей, өзі, елі үшін халықтың жауапкершілік сезімінқалыптастырмай, елі үшін мақтанышсыз, көз бояушылық емес, шынайы, əсерлі патриотизмсіз, сонымен бірге қоғамдық дамудың жаңа қорларынсыз жаңғырту мүмкін болмайды. Жаңғыртудың жаңа тұжырымдары «Қазақстан-2050» Стратегиясында берілген. Құрылымы жағынан Жолдау 3 бөлімнен тұрады: бірінші бөлімде Қазақстанның негізгі жетістіктерімен бірге «Қазақстан-2030» Стратегиясын жүзеге асыру қорытындылары айтылады; екінші бөлімде халықаралық қоғамдастықтың мүшесі ретінде еліміз бетпе-бет келетін 10 сын-қатер келтірілген; үшінші бөлімде жаңа саяси бағыттың 7 бағдары берілген. Бұл жерде бастысы – мұнан бұрын жарияланған «Қазақстан-2030» Стратегиясының орындалуына дейін жаңа Стратегияның мерзімінен бұрын ұсынылуы. Мұны уəждейтін үлкен үш дəлел бар: 1. «Қазақстан-2030» Стратегиясы мерзімінен бұрын орындалды, мұны əлемнің негізгі рейтингілеріндегі Қазақстанның алып отырған орны растай түседі; 2. Болжау жəне жоспарлау парадигмасы өзгерді. Болжам жасаудың көкжиегі кеңейді. Жетекші агенттіктер мен сараптамалық құрылымдар болжамдардың шегін 20 жыл алға жылжытты. Осылайша, болжамдар 2050 жылға дейінгі кезеңді қамтиды; 3. Осы заманғы əлемде болжамдар тек ғылымға ғана қызмет етпей, басқарылатын модельдеудің құралы ретінде саясатқа да қызмет ете бастады. «Қазақстан-2030» Стратегиясынан бастап, əр Жолдау сияқты, «Қазақстан-2050» Стратегиясы да жаңа саяси терминдер түзді. Бұл – жалпы əлемдік үрдіс, əр он жыл сайын немесе одан да жиірек мерзімде дискурс-парадигма өзгеріп отырады. Бұл, əсіресе, бірінші жаһандық дағдарыс деп сипатталған 2008-2009 жылдардағы оқиғалардан кейін халықаралық қаржыэкономикалық жүйеден айқын көрінді. Тұтастай алғанда, «Қазақстан-2050» Стратегиясын сарапшылар ұзақ өтпелі кезеңді еңсеріп тұрақты кезеңге қалыптасқан мемлекет ретінде өткен елдің дамуындағы маңызды меже деп бағалайды. Президент өз Жолдауында мемлекет саясатын жаңғыртудың негізгі басымдықтарын айқын көрсетіп берді. Олар: əлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіру, жаңғырту серпілісі, ХХІ ғасырдағы «мүмкіндіктер көзі», халық өмірінің түбегейлі жаңа сапасы, кадрлық саясатқа меритократияның принциптерін енгізу. Əлеуметтік жаңғыртудың бірінші кезектегі міндеттерінің ішінен Президент мыналарды нақты айқындады: ұлттық білім берудің барлық бөлімдерінің сапасын жақсарту; денсаулық сақтаудың басты басымдығы мемлекеттің, жұмыс берушілердің жəне қызметкердің денсаулық үшін ортақ жауапкершілігі; жалпықазақстандық мəдениетті дамытуға жаңаша серпін беру; білім беру, денсаулық сақтау, əлеуметтік қорғау қызметкерлерінің əлеуметтік пакеттерін қайта қарастыру жобалануда; мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға көбірек көңіл бөлу; мемлекеттік басқару мен мемлекеттік қызмет саласында – сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стратегияны іске асыру. «Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асырудағы басты құндылықтар мен принциптер – Қазақстандық жол тəжірибесі белгіленді: жаңа қазақстандық патриотизмнің идеялық негізі ретінде, жалпы қазақстандық ортақ шаңырақтың ұлттық идеясы ретінде «Мəңгілік Ел» идеясы ұсынылды. Негіз салар қағидаттардың ішінде қабылданатын барлық шешімнің прагматизмдігі мен эволюциялылығы; өзара тиімді ашықтық; қазақстандықтардың əл-ауқатын арттыру; бүкілхалықтық қолдау сияқты қағидалар бар. Стратегиядағы қазақстандық қоғамның басты құндылықтарына Қазақстанның тəуелсіздігі жəне Астанасы; қоғамымыздағы ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім; зайырлы қоғам жəне жоғары руханият; индустрияландыру мен инновацияларға негізделген экономикалық өсім; Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы; тарихтың, мəдениет пен тілдің ортақтығы; еліміздің ұлттық қауіпсіздігі жəне бүкілəлемдік, өңірлік мəселелерді шешуге жаһандық тұрғыдан қатысуы жатады (қар. «Қазақстан – 2050» Стратегиясы, Ел бірлігі доктринасы, ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы).