МОНОПОЛИЯ

lat: Monopolıa

[грек. monos жалғыз, poleoсату] зат.экон.

1. Бір тұлғаның немесе тұлғалар тобының, мемлекеттің белгілі бір затқа (мыс., жерге), белгілі бір тауарлармен сауда жасауға айрықша құқығы.

Сыртқы сауда монополиясы сыртқы сауда байланыстарын социалистік құрылыстың мүдделеріне бағындыруға мүмкіндік туғызды (Қысқ. саяси экон.). Монополияға түскен нәрсенің бағасы базар ырқына бағынбайды (ҚҰЭ). Монополиясы бар кісі қандай құнсыз нәрсесіне қандай баға аламын десе де ерікті (Т.Шонанов, Жер тағдыры.). Жерге жекеменшік монополиясы болмаса, абсолюттік рента болмаған болар еді (Т.Шонанов, Жер тағдыры.).

2. Салалық, ұлттық немесе әлемдік нарықта басым, үстем жағдайға ие кәсіпорын немесе кәсіпорындар тобы.

Монополия әдетте жекеменшіктегі, өзіндік, топтық немесе аукциондық меншіктегі және өнім өндіру мен өткізуді бақылайтын ірі шаруашылық бірлестіктер (картельдер, синдикаттар, концерндер, консорциумдар т.б.) болып табылады (ҚҰЭ). Өндіріс пен капиталды жоғары деңгейде шоғырландыру негізінде монополия көп пайда табу мақсатымен бағаны белгілеп, бақылап отырады (ҚҰЭ).