НӘЖІС, НАЖЫС

lat: NÁJİS, NAJYS

(ар. нәжс نجس)   

1. Ластау, былғау, арамдау.

2. Лас, былғаныш.

Не нәрсе табылады қумаған соң, Нәжісті тазара ма жумаған соң («Қисса Зейнеп пен Заидтың уақиғасы». Бабалар сөзі. 16-том. 2005. 100 томдық).

Асылды сөккенменен аты кетпес, Көңілден жаман сөздің таты кетпес, Нәжіске саф алтынды бояуменен, Нәжіс кетер, алтынның заты кетпес («Ақмолла Мұхамедиярұлы». Бес ғасыр жырлайды. ІІ том. 1984).

Бағзысы доңыз суретті шіркін көрді, Қоқысы нәжістен сасық көрді («Ғазауат сұлтан». Бабалар сөзі. 14-том. 2005. 100 томдық).

Нәжіс дүние алдамшы, опасыз дүние-мүлік, ақша. «Нәжіс дүние » деп тұрып жинап алар, Молданың көрген бар ма көз жазғанын? («Құлан Алдабергенұлы». Бес ғасыр жырлайды. ІІІ том. 1985).

Нәжіс жан лас, жиіркенішті адам.

Төрезат нәжіс жанға жоламайды, Үстіне келмек түгіл қарамайды («Сабалақ, Әбілмансұр, Абылай хан». Бабалар сөзі. 57-том. 2010. 100 томдық).

Нәжіс мордар [мүрдар] лас, былғаныш.

Аяқ-қолы, тұлғасы бейне адамдай, Тілін адам білмейді нәжіс мордар («Сейфүлмәлік». Ғашықнаме, 1976).

Аяқ-қолы, тұлғасы бейне адамдай, Тілін адам білмейді нәжіс мүрдар («Қисса Сейпілмәлік шаһзада Бәдіғұлжамал перізат». Бабалар сөзі. 17-том. 2005. 100 томдық).

Іші нажыс іші арам . Сырты түк, іші нажыс , асылы айуан, Қалдырып құла түзде, етпеді аяу («Мақпал Сегіз». Бабалар сөзі. 22-том. 2005. 100 томдық).

3. Жауыз, мейірімсіз, тасжүрек.