НҮКТЕ

lat: NÚKTE

з а т. 1. Кішкентай ғана қара дақ, ноқат.

Аспанға қарады. Қарайған нүкте көрінді. Көзін алмастан ұзақ қарады. Қадала қараған сайын сол нүкте жақындап келеді (Ш.Кұмарова, Қазбауыр.). “Әрбір рудың таңбасы әртүрлі белгі ретінде (тура сызық, қисық сызық, дөңгелек, ашамай, крес, квадрат, нүкте т.б.) алынып, жалпы саны (Хакасия бойынша) 270-ке жеткен, ал руға қарасты ауылдар мен жеке аталардың таңбасы одан да (900-дей) көп болған”, деп жазады В.Я.Бутанаев (“Парасат”).

2. г р а м м. Ойдың аяқталғандығын білдіру үшін сөйлем соңына қойылатын тыныс белгісі.

Бір қызығы, бұдан кейінгі сөзінде, егер жазып алса, үтір болса боларнүкте қояр жер жоқ еді («Қаз. әдеб.»). «Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысына» деп жаздым да, нүкте қойып, ойландым (М.Иманбаев, Сұлу.).

3. м а т. Геометрияның жүйелі түрде баяндалуындағы негізгі ұғымдардың бірі.

Математиканың көптеген салаларында арнаулы аттары бар нүктелер кездеседі (ҚСЭ).

4. Орын, мекенжай, елді мекен.

Туберкулез бен жұмыссыздық, туберкулез бен кедейшілік өзара ажырамайтын бөлшекке айналды. Ақырғы тірелетін нүктесі ауыл жұрты (“Жас Алаш”).

5. и н ф. Экран бетіндегі немесе параққа басылған графикалық кескіннің бағдарлама бойынша түсі өзгертіле алатын ең кіші элементі.

Нүкте екі өлшемді растрлық-графиканың адрестелетін ең кіші элементі (Қаз. тілі термин. Информатика.).