НАЙМАН-

lat: NAIMAN

Орта жүздегі тайпаның атауы. XII ғасырдың 1-ширегінде Ертіс пен Орхон өзендерінің аралығын қоныстап, мемлекеттік бірлестік құрды. 1204 ж. Шыңғысхан әскері бұл бірлестікті құлатып Н. тайпалары моңғол империясына кірді. Біразы Алакөл, Балқаш, Жетісу, Есіл, Сырдария, Ұлытау маңына ауысты. Шыңғысхан әулеті біржола қирағаннан кейін, қалған рулары бірқатар түркі халықтарының құрамына кірді. Ұраны Қаптағай. Романда Н. руы аракідік аталып отырады. Мысалы, Базаралының Тәкежан жылқысын қып-қызыл қан жоса қылып, қырып салғаны Тобықтының көршілері - С ы б а н Н а й м а н дарға да тарап, кең өріс алғанын баяндайды («Кек жолында»). Ал «Салиқа қыздың дауында» қазақ әйелінің басындағы ауыртпалықты сипаттай келе, автор Сыбан-Найман елінің жай-жапсарын жан-жақты суреттеген («Тарауда»). Сондай-ақ Сыбан-Найманның ескіден келе жатқан әдеті бойынша, қыздарын жастай ұзатпайды екен. «Сыбан қызындай үйде қартаямысың?» деген мәтел елге тараған. «Соның бәрі шетінен қалжыңкой, ашық; ойын-сауыққа жаны құмар, шетінен әнші, өлеңші» деп, көтере мақтайды («Қияда»).