НАТУРАЛИЗМ

lat: NATÝRALIZM

(лат. natura табиғат деген сөздің негізінде жасалған фр. naturalismе сөзі)өмір құбылыстарын табиғи қалпында айт, баяндауда мақсат ететін бейнелеу тәсілі, 19 ғасырдың екіші жартысында батыс европа әдебиетінде орын алған әдеби ағым. Орыс әдебиетінде де бұл тәсілді қолдаған жазушылар болды (П. Боборыкин, Вас. Немирович-Данченко т.б.). Натурализм өмірді тексеріске, зерттеуге салмай, бар көрген-білгенді тек тәптіштеп айтып беруді тілейді. Бір затты, адамды суреттегенде оның қалып-бейнесін, не қимылын жеріне жеткізе, майдаш-үйде, елеусіз тастауға болатын бөлшектеріне дейін қалдырмай жеткізуді мақсат етеді. Француз әдебиетінде натурализм тәсілін енгізген, қолданған Эмиль Золя болды. Оның өз шығармаларында натурализм тәсілінің ұтымды жақтары көбірек көрінді. Алайда бұл тәсіл әдебиетте орын тепкен сайын оның осал жақтары да бой көрсетті. Шығармаларда шыбынның қалай ұшқаны, қоңыздың қалай ызыңдағаны сияқты, жалпы оқиға өрісіне тікелей қатысы жоқ жайлар көп баяндалады. Адам кейпі, ісі, мал-жануарлар қимылы, айнала табиғат көрінісі қаз қалпында алынып суреттелді. Мұның ар-жағы айналып келгенде анайылыққа, тұрпайылыққа апарып соғады. Әсіресе, көбіне әдеппен, сыпайы, тұспалмен айтылатын жайлар қарадүрсін, жалаң баяндалады да, эстетикалық қасиеттеи айрылады. Бұл тәсілдің өзіндік тартымдылығы оқушының енді не болар екен деген сауалына жазушы түгел қанағаттанарлықтай жауап береді. Яғни бәрін жасырмай, тәптіштеп айтып береді. Сонымен қатар натурализм әлеуметтік құбылыстарға тіке бармай, оларды реализмдегідей талқылап, жіктемей, сырт, бейтарап адамның көріп білгеніндей етіп баяндайды. Қауымдық құбылыстардың, негізі адамның биологиялық бітімінде, әуелден таңбаланған нәрсе, тұрмыстағы жай тек соның көрінісі, жаратылыстан деген ұғым тудырады. Француз әдебиетшілері, әсіресе Анатоль Фране Эмиль Золяның «Нана» романына қатты наразылық білдірген. Ондағы басты кейіпкер Нана қыздың жас кезінен бастап қиыншылық өмір кешкенін, ақырында әйгілі жезөкше болғанын, осы күйді баяндауда оның жатқан-тұрған жайын, дене, тән кейпін жазушының өте-мөте тәптіштеп, бүгішігіне дейін тізбектеуін оқушы жұрт анайылық, тұрпайылық деп ұққан. Ал орыс әдебиетіндегі «натуралдық мектеп» дегенді алсақ, оның жайы бөлек, ол реализмнің өзінше бір көрінісі. Н. В. Гоголь бастаған бұл әдеби ағымның өкілдері қоғам өмірінің терең қалтарыс-бұлтарысына дейін зерттеп жазу қажет деп санаған. Осы мақсатқа сәйкес көптеген ірі, маңызды шығармалар жасалған. Н. В. Гогольдің «Өлі жандар», Ф. М. Достоевскийдің «Бейшаралар», И. С. Тургеневтің «Аңшылық әңгімелері» т.б. Орыс қоғамындағы қала мен деревня тұрғындарының, әсіресе, басыбайлы шаруалардың халжайы бұлжытпай суреттелген. Бүгінгі әдебиетте, әдебиеттануда натурализм тәсілін өмір құбылыстарын сараламай, ұтымды, жинақы бейнеліліктен гөрі тұрпайы суретке, ділмарлыққа бойұрушылық, шындықты баяндап айтудың қарадүрсін, қара жаяу түрі деп түсіну көбірек кездеседі. Бекниязов Т.