НИЕТ

lat: NIET

[ар. نية ] з а т. 1. Бір нәрсеге, бір іске, біреуге бейіл, ықылас білдіруде алдын ала қалыптасатын мақсатты ой, ынта, тілек.

Әрине, татуластықты, ағайындылықты, бітімді, бірлікті мақтан айтуға лайық еді. Бірақ жиылған көпке бітім туралы бір ауыз сөз айтар ниет жоқ. Әрқайсысы өз руын мақтап, екінші руға тіл тигізе бастайды. (Х.Досмұхамедұлы, Шығ.). Түптеп келгенде, әңгіме көмектің көлемінде де емес, пейілде, ниетте емес пе?! (“Жас Алаш”). Бір таудағы хайуанды бір арыстан Билеген патшасы екен әуел бастан. Әділ аталмақшы ниеті бар, Ешкімді ауыртпастан, жылатпастан (Абай, Тол. жин.). Жан достым, төрт-бес күнде жолығып кет Болса да сөйлесерміз нендей рет. Өзің де қарап жүрмей ескере бер, Көңілге кіргеннен соң мұндай ниет (М.Дулатов, Шығ.). Қайнатпай қазан пісірген Басайын сенің деміңді. Ниетің сенің қастандық, Білемін сенің тегіңді (Қ.Жапсарбаев, Сөйле.).

2. Көңіл, пейіл, ықылас.

Келін жан, Алла разы болсын, Ниетіңе рақмет. Қораштар ер үстінен түспей-ақ қойсын енді, деп, Мырзабай атамдар жабыла сөйлеп жатыр (Т.Иманбеков, Үш ай). Бұ жаманның қара деме дәмесін, Ниетім таза, түзу менің және есімі Алдымды орап шаршатқанда толқындар Тұманбай да тоқтатады кемесін (Т.Молдағалиев, Шақырады.). Ешкімге болған емес өш ниетім, Көбінің өз мінезін кештім еркін, Біреулер түк жазығың болмаса да Бар екен тірлігіңді көпсінетін (Ғ.Қайырбеков, Көнсадақ).

3. ф и л о с. Қазақ ұлттық дүниетанымында адам әрекетінің нақтылы мақсатын, мазмұнын бейнелейтін қозғаушы күш .

Кісіні нысанаға бағыттайтын да, істің мән-мәнісін белгілейтін де ниет (ҚҰЭ). Ниет субстанция болса, қылық пен пиғыл оның акциденциялары (Филос. сөздік.). Ұлттық дүниетанымда жиі қолданылатын ниеттің формалары тілек және бата (ҚҰЭ).

4. д і н и. Адамның ойға алған ғибадаты мен атқарар ісі алдында негізгі мақсатын белгілеуі.

Исламда ниетінБір Алланың разылығы үшіндеп туралау және осы ниетке берік болу парыз етілген бұлжымас басты міндет (ҚҰЭ). Бір адам түн жарымында ертеңгі күннің ораза екенін біліп, бұл айда ораза ұстайтынын жүректен өткізсе немесе сәреге тұрса, бұл ісі ораза ұстауға ниет саналады (Ислам ғылымхалы). Ниетін, мақсатын да теріс ұғып, Мұхиттан арсы-гүрсі бері шығып, Құдайдың баспанасын әкетіпті, Атеист тайфун дейтін жел ұшырып (Ж.Жақыпбаев, Ләйлә).