lat: NOQAT
[ар. نقط ] з а т. 1. Кішкентай ғана дақ, қарайған нәрсе, нүкте.
Кенет сонау аспан төрінде, аса биікте бармақтай бір қара ноқат пайда болды (Ж.Тұрлыбаев, Аңшы.).
Тұрмын қарап бір әдемі сезіммен
Тырналардың келген осы кезін мен.
Көк аспанды сыбағама қалдырып,
Бір топ ноқат ғайып болды көзімнен (Т.Молдағалиев, Шақырады.).
Сонда сонау көк жүзіне қарадым,
Жалғыз ноқат – боз торғайы даланың
Бір орында мық шегедей қадалып,
Төкті дейсің көмейдегі бар әнін (Ғ.Қайырбеков, Көнсадақ).
Екі көзін төбедегі бір ноқаттан алмай қадалып қалған, кірпік қақпайды (Қ.Жұмаділов, Қаздар.).
Алыстан көрінген ноқатқа қадала қарап, жол үстінде шофер тұр (Жыл он екі ай).
2. с ө й л. Нүкте . (ойдың аяқталғандығын білдіру үшін сөйлем соңына қойылатын тыныс белгісі).
Ахат бүгін әңгімесін аяқтап, ақырыноқатын қойып, «уһ» деп демін алды (Ауызекі).