НҰР

lat: NUR

(ар. нур نور) жарық, сәуле, шұғыла.

Сол халде зұлмат кетіп, нұр ашылды, Мұсылманлар енді мүшіріклерге қылыш ұрды («Ғазауат сұлтан». Бабалар сөзі. 14-том. 2005. 100 томдық).

Нұр дидар [жамал, сипат, сипатты] әдемі, өңді, көрікті жүз.

Сұлудың сұңғақ бойлы нұр дидары, Пара-пар аспандағы ай, жұлдызға («Талайлы мен Әйім қыз». Бабалар сөзі. 22-том. 2005. 100 томдық).

Бәдиғұлжамал ақылы кетіп биһүш болды, Көрген соң шаһзаданың нұр дидарын («Сейфүлмәлік». Ғашықнаме, 1976).

Хош бойлап таза жүзді ынтызарым, Ұқсаусыз һешбір жанға нұр жамалың («Қисса Ләйлі Мәжнүн». Бабалар сөзі. 19-том. 2005. 100 томдық).

Нұр сипат көркін көрсең, жүзі айдай, Толықсыр жас баланың көңілі майдай («Қисса Әбушахма». Бабалар сөзі. 15-том. 2005. 100 томдық).

Кірмеді құлағына насихаттар, Қайғыменен түсі сары, нұр сипаттар («Қисса Сейпілмәлік шаһзада Бәдіғұлжамал перізат». Бабалар сөзі. 17-том. 2005. 100 томдық).

Ғаламды нұр сипатың жасырғаным, Қайғыңыз қатты болды, мағшұқ, сенің («Қисса Зияда, Шаһмұрат». Бабалар сөзі. 18-том. 2005. 100 томдық).

Ғашығы Гүләндамның жанға батты, Өзі адам, бір міні жоқ, нұр сипатты («Қисса Баһрам». Бабалар сөзі. 20-том. 2005. 100 томдық).

Нұр-шұғла жарық-сәуле.

Күншілдікпен қас болып, залымдық қып, Нұр-шұғласын көп көрді жарық күннің («Жүсіп-Зылиха». Ғашықнаме, 1976).

Нұры тамған үлбіреген.

Хоры ма, періште ме, немене екен, Сарғайып нұры тамған не деген жан? («Қисса Сейпілмәлік шаһзада Бәдіғұлжамал перізат». Бабалар сөзі. 17-том. 2005. 100 томдық).