lat: NUSQA
[ар. نسخة ] з а т. 1. Белгілі бір заттың ең алғашқы түп негізі, қайталанбас үлгісі.
Қазір біз оның нұсқасын көшірме ескерткіш материалдардан ғана көреміз (Жыл он екі ай). Біздің өмірге жетіп отырған ауыз әдебиет нұсқаларының көбі берірек дәуірлерден келген жұрнақтар сияқты (С.Сейфуллин, Шығ.). Хафиз, Жәми, Мақтұмқұл, Деп айтад шыққан сөзге дүр Хиуаның түрікпен, сартынан. Солардан қалған соңғыға Үлгілі өрнек нұсқа бар Әр жұрттың, сана-салтынан (Базар жырау, Шығ.). Шығыс классиктерінің немесе шығыс ауыз әдебиет нұсқаларының тақырыбы бойынша жазылған қиссалар, хикаялар, дастандар (XX ғ. қаз. ақын.).
2. Жоба, нобай.
Абай Құнанбаевқа военный генерал-губернатор жаздырған заң нұсқасы Орта жүзге аңыз болып тараған-ды (Т.Әлімқұлов, Шежірелі.). Мен мақаламның нұсқасын жазып та қойдым (Т.Ахтанов, Дала сыры).
3. Бір үлгінің бір-бірінен азын-аулақ ерекшеленетін түрлері.
Әлімұлы, Байұлы, Жетірудың арасында осы өлең көп жайылулы. Біздің қолымызда ел ішінен жиналған осы өлеңнің бірнеше нұсқасы бар. Айтушылардың көбі бірақ Махамбеттің түрлі сөзін қосып шатастырып айтқан. Жеті рудың ішінен жиылған нұсқаларда қаталар өте көп, кейбір жерлерінде сөздің негіздерін өзгертіп жіберген (Х.Досмұхамедұлы, Таңд.). Қалпақтың қазақы, жырық, құйма, керей нұсқа деп аталатын түрлері болған (Ө.Жәнібеков, Қазақ киімі). Киім, тамақ денеден жоқ бір нұсқа, Жылдам кіріп шығады, жылдам тысқа. Маңдайда жалғыз көзі жарқыраған, Тұлымның бірі ұзын, бірі қысқа (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).
4. к ө н е. Тұлға, келбет.
Сыйласарлық тектінің Кім танымас нұсқасын? Күнде өзімшіл ептінің Несін адам ұстасын? (Абай, Тол. жин.). Қарағым, бермен кел, Бізге де көңіл бөл. Қалқамның нұсқасын Көр, көзім, бір кенел (Абай, Тол. жин.). Бір түрлі болды нұсқасы, Порымы мынау баланың (Алпамыс).
5. и н ф о р. Бағдарламалық өнімнің бір варианты немесе басқа файлды түрлендіру арқылы алынған файл (Қаз. тілі термин. Информатика.).
– Олай болса, осы компьютерде қазақша шрифтінің 4-5 нұсқасы жүргені қалай (“Жас Алаш”). // Нұсқалы сөз. Аз сөзде көп мағына деген мысал, Халімді баян етіп жаздым нұсқа. Жамалжан, парасатлу етер фәһім, Бұл сөзім биілтифат қалмас босқа (М.Дулатов, Шығ).