НЫШАН

lat: NYSHAN

[ирі نيشان ] з а т. 1. Бір нәрсенің белгісі, көрінісі.

Күнделікті өзімен қатар жүрген жанның жүрегінің тынысына құлақ тосып, әуезді күйін ұра білсең, Кімнен де болса жақсылық нышанын табасың («Мәдениет және тұрмыс»). Кемпір-шал мұны жақсы тілектің нышаны деп түсінеді (Ә.Әлішев, Ат тұяғы.). Ойсыз көз көрмек үшін үңілмейді, Өнерге салақ адам шүңілмейді. Алтын, мыс айырылмасы нышаны бар, Құмай бүркіт болғанмен, түк ілмейді (Ә.Найманбаев, Шығ.). Дінді пайдаланып, елдің тыныштығын бұзу әр кезде болған. Осыдан сақ болуымыз керек. Қазір елімізде діни ұйымдардың шектен тыс көбейіп кетуі жақсылықтың нышаны емес («Қаз. әдеб.»).

2. п с и х о л. Қабілеттіліктің қалыптасуының алғышарты болып табылатын ағзаның анатомиялық-физиологиялық және негізінен орталық жүйке жүйесінің ерекшеліктері.

Егер адамның туғаннан бастап нышаны болса да, дұрыс тәрбие көрмесе, яғни белгілі бір әрекетпен айналыспаса, оның қабілеті айтарлықтай дамымайды (Қаз. тілі термин. Педагогика.).

3. Мемлекеттік белгі, рәмізі Халық Конституцияның мемлекеттік басқару органдарын, оның нышандарын, азаматтардың демократиялық құқықтары мен бостандықтарын айқындайтын басты Заң екенін анық түсінді («Егемен Қазақстан»). Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандары Туы, Елтаңбасы және Гимні бар. Олардың сипаттамасы және ресми пайдаланылу тәртібі конституциялық заңмен белгіленеді (ҚР Конституциясы). Көшпенділердің космогониялық діни идеологиясында әртүрлі таңбалар, күннің, оттың нышанын тұспалдайтын қызыл түс маңызды рөл атқарған («Парасат»).