Тарихсыз халық тұл дегендей, халқымыздың қуанышы мен қасіреті қатар өрбіген сан ғасырлық тарихы біздің баға жетпес асыл мұрамыз. Осыған дақ түсірмей болашақ ұрпаққа жеткізу біздің борышымыз. Өйткені өткенді білмей болашақты болжау мүмкін емес. Ұлан-байтақ қазақ даласының бір тілігіндей ғана Ойыл өңірінің ежелгі өткеніне көз салсақ, терең тарихы ашыла бастайды. ХІV ғасырдағы Алтын Орда картасында Ойыл өзенінің бойында «Мəулемберді » қаласы көрсетілген. Деректерге сүйенер болсақ, В.Л. Егоровтың «Тарихи география. Алтын орда ХІІІ ғ. – ХІV ғасыр» (1985) атты кітабындағы «Солтүстік Қазақстан» атты мақалада қаланың болғандығы туралы жарияланған. Ойыл ауданының «Мəулімберді» деп аталған жерінде алтынордалық қала болды деген мəлімет болғанымен, ол кейін зерттелмеген.
Бұдан кейін осы аудан орталығы тұрған жердің көне тарихи атауы Көкжар болған. Бұл атауды берген бағзы ата-бабаларымыз Қарауылтөбе қорғанқамалын салған. Онда Көкжардың батыр сарбаздары тұратын даланың қара тасынан салынған қамал, ат қора, азық-түлік сақтайтын қойма, жауды бақылап тұратын қарауыл мұнарасы, от жағып белгі беретін түтіндік болған. Орыстар Ойыл бойына келгенше аман сақталған. Оның салынуы не Дешті-Қыпшақ заманы, не жоңғар қалмақтарының басқыншылығы дəуірі бар болған. Бүкіл Кіші жүзге есімі белгілі атақты би, батыр Əжібай, Арал, Бөкенбай заманында бар екен дейтін аңыз-əңгімелер бар. Ойыл, Жем бойын қоныстанған елді басқа жерге көшірген Жəнібекке қарсы болып Асанқайғы бабамыз:
«... Ойыл деген ойынды,
Отын тапсан тойынды
Ойыл көздің жасы еді.
Ойылда кеңес қылмадың
Ойылдан елді көшірдің»,
– деп жыр жолына арқау еткен-ді.
Ойыл, Қиыл, Жем, Сағыз алабы – қашаннан азаттық үшін алысқан ерлері халықтың бостандығы үшін «Жаным – арымның садағасы» деп өткен өлке. Заман ағымына көз салып отырсақ, ХVІІІ ғасырдың орта шенінен басталған отаршылыққа қарсы күрестің дем беруші көсемдері қимылды осы атыраптан ұйыстырып, майданға шыққан. Өзінің бас еркіндігінен абайсызда айырылып қалған елді алғаш отаршылыққа қарсы көтергендер Бақтыбай, оған ілесе Даттың ұлы Сырым да атқа мінген. Сырымды қолбасшы ете отырып, оған ерген табын Барақ батыр мен кете Наурызбай тағы басқа батырларды көсемдер елден қол жинауға қосқан. Бұл қазақ даласының Үш Қиян аталған өлкесінің ортасы Ойыл–Қиыл атырабына да əсер еткен. Патша отарлаушылары салған Ойыл бойындағы атағы шартарапқа жайылған Көкжар жəрмеңкесі де ірі жəрмеңкелердің бірі болған. Осы арқылы Ойыл бекінісін салудың сауда-экономикалық маңызына қоса саяси-географиялық əрі стратегиялық орналасуына зор мəн берілді. Сөйтіп ақын Мұрат Мөңкеұлы:
«Еділді тартып алғаны
– Етекке қолды салғаны.
Жайықты тартып алғаны
– Жағаға қолды салғаны.
Ойылды тартып алғаны
– Ойындағысы болғаны»,
– деп айтқандай, Ойыл өңірі Ресейдің отар аймағына айналды.
Ойыл аумағында Алашорда үкіметінің белсенді əрі ықпалды өкілдері Халел мен Жаһанша Досмұхамбетовтар Алаш қозғалысының алғашқы күнінен бастап белсенділік танытты. Орал облысының қазақтары ІV облыстық съезде өздерінің ерекше тəуелсіз облысын құрғандығын хабар етеді. Бұл құрылым «Батыс Алаш Ойыл Уəлаяты» деп аталады. Ойыл уəлаяты 1918 жылдың 6 мамыры күні өмірге келеді. Жымпиты қаласында өткен Орал өңірі қазақтарының 4-сьезінде Қазақстанның бүкіл батыс өңіріне ықпал етерлік ұлттық- территориялық құрылым – «Ойыл уəлаяты уақытша үкімет» жариялауға қатысты. Алашорда қайраткерлері бұл құрылымды қолдап, оған «Алашорданың батыс бөлімшесі» деген ат береді. Осы кезеңде Халел Алашорданың атты əскерін ұйымдастырып, Самарадағы Комуч үкіметінен қару-жарақ алуға, банк ашуға, баспахана, «Еркін қазақ» газетін шығаруға көп еңбек сіңірді.
Ойыл – өзен атауы, жергілікті аудан атауы. Өзеннің ұзындығы 700 км-ге жуық. Ақтөбе облысының Темір ауданының Ойбұлақ деген жерінен бастау алып, Атыраудың Қызылқоға ауданын басы өтеді де Атырау теңізіне жақын барып құмға сіңеді. Бір заманда қар қалың жауып, ылғал мол болған жылдары Ойыл жазғытұрым тасып, Атырау теңізіне де құйған. Сол заманда ағысқа қарсы жүзген қызылбалық Ойыл өзеніне жеткен. Арнасы кеңес үкіметі тұсында бірнеше жерден бөгеліп, бүйір бұлақтарының көзін құм басқан бұл өзен қанша дегенмен екі облыстың жерін суғарып отыр.