lat: OQÝSHY
з а т. 1. Мектеп қабырғасында тәлім-тәрбие алып, білімге үйренуші, шәкірт.
Мұғалімдердің, әртүрлі үйірме бастықтарының сөздеріне қарағанда, Ажар барлық сабақтан да озат оқушы екен (С.Мұқанов, Шығ.). Қазақ пен ноғайдан оқу, оқыту, оқушылар, жазушылар жайынан сөйлеп кеттік (М.Дулатов, Шығ.). Класқа кірген бетте бірнеше оқушы Шолпанды үрейлі дауыспен шулап қоршап алды (Б.Соқпақбаев, Қайда. Гауһар).
2. Әдебиет оқитын қауым, оқырман.
Абай атына алғашқы ашылған ескерткіш осы журнал болғандықтан, тынысын тарылтпай, жазушының да, оқушының да қиялына кең өріс беруді лайық көрдік («Абай»). Осы бір газет, бір журналымызды үлкейтеміз, көбейтеміз демей, қолдағы бар екеуін көп алып оқуға тырыссақ болады. Қазір осыдан артықты көтерер шамамыз жоқ қой деп ойлаймын. Оқушымен байлығымыз белгілі ғой, – деп (М.Дулатов, Шығ.). Бұл шығармаларда Абай өзінің оқушыларымен әңгімелесіп, жүзбе-жүз кездесудегі мәслихат, кеңес құрып отырған ойшыл ұстаз тәрізденеді (М.Әуезов, Әр жыл.).