lat: ORAÝLY
с ы н. 1. Сыртында орауы бар, оралған.
Бақыт Алмагүлді тонға ораулы жатқан шоферге ертіп келді (Б.Дәулетбаев, Парыз).
Құрман әкеп берген бір ширек шай ақ шүберекке ораулы әбдіренің түбінде жатқан (З.Ақышев, Ақбел.).
Бимендінің қолында бір ораулы нәрсе бар (Ж.Молдағалиев, Айналайын.).
2.Таңулы, байлаулы.
Қазір қол-аяғым ораулы, дала госпиталінде жатырмын (Ә.Сәрсенбаев, Жауынгер.).
Асқар өне бойы ақпен ораулы жатқан адамға қайта қарады (Ә.Нұршайықов, Батыр.).
Ораулы, таңулы күйімде жата беріппін (Ғ.Мүсірепов, Кездесп. кет.).
3. Құндақтаулы, жөргектегі.
Қаратты да, шүріппесін баспады,
Ана жатты қобырап аппақ шаштары.
Ораулы сәбиді іліп алып найзаға
Тұтқындарға лақтырып тастады (М.Мақатаев, Шығ.).
Ант бердің сен адалдыққа, еңбекке,
Ант бердің сен адамдыққа, жер-көкке,
Әр үйге де ант бердің сен дірілдеп,
Сәбиге де ораулы жатқан жөргекке (Т.Молдағалиев, Шақырады.).