lat: ORAI
з а т. 1. Бір істің, әрекеттің реті, сәті, жөні.
Орайым бар ма менің сенен кетер Ондайға алаң болмай жүрсең нетері Әкемнің беремін деп айтқаны рас Әуре боп болмас іске жүр ғой бекер (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).
Төртінші – әуездің түрлі орайын, шырайын, сазын, сайрамын келтіріп, құлаққа жағып, көңілді әсерлейтін ән салу, күй тарту өнері. Бұл әуез өнері болады (А.Байтұрсынов, Шығ.).
Біздің үстімізге адам мінгізгенін онша ұната қоймағанымызды байқаған Майя тіл қатысар орайды күтпеді (Т.Ахтанов, Үндістан.).
2. Белгілі бір жағдайға сай, соған лайық; сол бағытпен.
Жалшы үйіне жаны ашып, ас бермес бай, Артық қайыр артықша қызметкa орай (Абай, Тол. жин.).
Сегізінші мартқа орай активтердің жиналысына барғалы жатырмын (Ж.Молдағалиев, Сарарқа.).
3. а у ы с. Бір нәрсенің төлеуі, қарымтасы.
Қажының ашуланғаны Сатанның өз қылығының орайы емес пе еді (І.Жансүгіров, Шығ.).