Қазақстан егемендік алған кезде елден тысқары жерде тұрақты тірлік еткен, егемендік алған соң Қазақстанға тұрақты мекен ету үшін келген, қазақ ұлтының Қазақстан азаматтығы жоқ немесе шетелдік өкілі (қар. Репатриант, Мигрант, Эмигрант, Этностық көші-қон). Қазақтарды таяу я алыс шет елдерден өзінің Тарихи отанына оралту Қазақстан Республикасының көші-қон саясатының басты басымдықтарының бірі болып саналады. О. қазақстандық қоғамның əлеуметтік ортасына тарту мен қосу ұлттық Бірдейлестікті сақтауды, сондай-ақ тарихи əділет орнатып, оларды өз халқымен қайта қосуды, ұлттық мəдениет пен тілді сақтауды мақсат етеді. «Оралманды жасайтын» таза этноұлттық сипаттағы себептердің (уəждердің) қатарының алғашқы бірінші тобына «Отанды сарғая сағыну» факторы, кең мағынасында алғанда, этноұлттық
ділді сағыну факторы жатады. Екінші тобына институционалдық-саяси сипаттағы себептер – бұрынғы О. саяси жəне құқықтық мəртебесі, олардың діни сенімі, əскери оқиғалар мен қауіпсіздік т.б., басқаша айтқанда, «азаматтық факторы» аталатын фактор жатады. Үшінші тобына таза əлеуметтікэкономикалық сипаттағы себептерді – шаруашылық жүргізу мен кəсіпкерлік қызметтің шарт-жағдайлары, табыс пен əл-ауқаттың деңгейі, білім алудың, денсаулық сақтаудың жəне əлеуметтік сақтандырудың қол жетімділігін, басқаша айтқанда, «əлеуметтік-экономикалық жағдай факторын» жатқызуға болады. Ал төртінші тобына өзін Отанында кəдеге жарату уəждемесі, басқаша айтқанда, «патриотизм факторы» себеп болады (қар. Диаспора, Ирридента, Көші-қон).